Екібастұз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында қала әкімі Аян Бейсекин ел Президентінің №974 Жарлығына сәйкес жеті және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыс етті.
Бұл марапат – аналардың ел демографиясын дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мәдениеттілік, адалдық және тәрбие әр азаматтан, әр отбасынан басталуы керек екенін атап өтті. Ана жүрегі арқылы балаларға патриотизм, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасылық құндылықтарға адалдық тәрбиесі беріледі. Сіздер – мейірім мен сабырдың, махаббат пен еңбектің символысыздар. Бүгінгі марапат – аналық еңбектеріңізге деген жоғары құрметтің көрінісі, – деді қала әкімі Аян Бейсекин құттықтау сөзінде.
Шарада жеті және одан да көп бала тәрбиелегені үшін Аяла Садықова мен Амина Сейілханова «Алтын алқа» иегері атанды. Ал Римма Бейсенбаева, Мөлдір Буданбаева, Самал Қасенова, Шарипа Олжаева және Эльмира Сапарбекова «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Салтанатты жиында аналар құрметіне Алтынгүл Бахытхан мен Бауырбек Бектеміров ана туралы жүрек тебірентер әндерін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шара соңында марапат иелеріне гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, естелік суреттерге түсті.
Ділназ Серікбай
