1 қазан – Халықаралық қарттар күні Екібастұз өңірінде жыл сайын ерекше ілтипатпен аталып өтеді. Бұл күні ардақты ақсақалдар мен асыл аналарға құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі мен өмірлік тәжірибесі бағаланады. Биыл да қаладағы «Атамұра» мәдениет орталығының дәмханасында қазыналы қариялар бас қосып, мерейлі мереке көңілді басқосуға ұласты.
Шара барысында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин аға буынды төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Қарттарға құрмет көрсету – адамгершіліктің негізі әрі ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген нақыл сөз бар. Қарияларымыздың даналығы – асыл білімнің қайнар бұлағы, ал өмірлік тәжірибесі – жастарға өнеге. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен төзімдеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді қала әкімі.
Бүгінде Екібастұз өңірінде 22 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, тылда тер төккен 320-дан аса азамат бар. Олар әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Қаладағы Ардагерлер кеңесі мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қариялардың демалысын жан-жақты ұйымдастырып, түрлі бағытта үйірмелер ұсынады. Біздің ардагерлеріміз спорттық жарыстарда да оза шауып жүр, шахматтан облыс чемпиондары атанып, үстел теннисінен жүлделі орындарға ие болды. Биылғы жылы «Замандас» ардагерлер клубы облыстық көркемөнер байқауында бас жүлдені жеңіп алса, кешенді спартакиадада қала командасы екінші орыннан көрінді.
Мерекелік жиында қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев та сөз алып, аға буынды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Шара барысында дастархан басында қадірлі ақсақал Самат Рамазанов пен Ғазиза Әлкебаева сөз сөйлеп, қарттарға көрсетілген ілтипат үшін ризашылықтарын білдірді. Олар ұйымдас-
тырушыларға алғыс айтып, жастарға ақ батасын арнады.
Кештің сәнін «Атамұра» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әуезді күйлері, әншілердің әсем әндері кіргізді. Әнші Бауырбек Бектеміровтің орындауындағы халық әндері жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Дастархан соңында қариялар ақ батасын беріп, аға буын мен қала басшылығы естелік суретке түсті.