Өңірдің қоғамдық өмірі, тыныс-тіршілігі журналистердің көз алдында өтіп жатады. Әсіресе, мәдени шаралардың бел ортасында жүреміз. Сондайда қайда барсаң да, алдыңнан жиі кездесетін мұғалімдер шоғыры бар. Олар: С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің ұстазы Гүлбаршын Сейітова, «Зердедегі» Гүлсара Исабаева мен Сандуғаш Сыздықова, №25 қазақ қыздар гимназиясындағы Меңтай Көбешова мен Гүлшара Даутова және басқалар. Олар – өз шәкірттеріне білім берумен шектелмей, қаланың рухани өміріне атсалысып келе жатқан ұстаздар.
Осындай белсенді, үнемі ізденіс үстінде жүретін мұғалімдердің бірі – №36 лицей-мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дулат Тыныбеков. Мұғалімнің ізденімпаздығының бір айғағы – биыл «Үздік педагог» конкурсында бақ сынауы. Таяуда ғана ол байқаудың 3-кезеңі талабын орындап, Астана қаласы Абай атындағы № 87 гимназия-мектебінің 8-сыныбында Ахмет Ясауидің «Даналық кітабы» тақырыбында сабақ беріп келді. Тарқатып өтсек, «Үздік педагог» байқауының алғашқы кезеңдерінде қатысушылар электронды платформаға электронды сандық қолтаңба арқылы өздерінің соңғы үш жыл ішіндегі жетістіктері мен басылымдарда жарық көрген материалдарын жүктеген. Іріктеуден өткендер өзге мектептерде сабақ беріп, тәжірибе бөліскен.
– Астанадағы сабағымда жаңа технология, жасанды интеллектіні презентация үшін ғана пайдаландым. «Даналық кітабының» сырын негізінен Қуандық Жүсіповтің көркем сөзді талдау технологиясы арқылы ашуға тырыстым, – дейді Дулат Жүністайұлы.
Педагогика әлемінде Дулат Жүністайұлының ұстаздық қырын жарқ еткізіп жүрген жайт – шәкірттерінің республикалық деңгейде жетістікке жетуі. Мәселен, 2023 жылы республикалық Мағжан оқуларының ғылыми-шығармашылық бағытында баптаған оқушысы – №36 лицей-мектебінің 7-сынып оқушысы Мақсат Хумарбек 2-орынды жеңіп алды. Биылғы жылдың 18-21 маусымы аралығында өткен халықаралық Абай оқуларында да осы шәкірті ұстазының абыройын асқақтатып, 1-орынға ие болды.
Қазіргі уақытта «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңды және санат тағайындауға қатысты №514 бұйрықты жамылып газет-журнал бетін ашпайтын (мәжбүрлеп жаздыртады дегенді желеу етіп), оқушыларын ізденіске жетелей алмайтын салғырт мамандар көбейгені жасырын емес. Ал Дулат Жүністайұлының өз саласында байқау немесе шараны дәреже-деңгейіне қарап таңдап-талғамайтынын байқадық. Мәселен, ол таяуда тілдер айлығы аясында «Өнер» ҚМС ұйымдастырған лингвистикалық квестке кішкентай шәкірттерін апарып, додаға қосыпты. Яғни, нағыз ұстаз үшін байқаудың үлкен-кішісі жоқ.
ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің «Таңбалы» тарихи-мәдени орталығы ұйымдастырған (2023 жыл) «ХҮ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясына қатысуы да педагогтың әр жаңалықты қалт жібермейтінін аңғартады. «Табысты тәжірибелер панорамасы» тақырыбындағы облыстық семинарда және «Жүсіпбек Аймауытұлының мұрасы: мәдениет және ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы облыстық әдістемелік-тәжірибелік конференцияда тәжірибе бөлісуі де үздіксіз ізденістерінің бірі. Ұстаз, сонымен қатар, халықаралық Сәтбаев оқуларына шәкірт дайындаудан да қол үзген емес.
Білім саласын дамытуға қосқан үлесі және қол жеткізген табыстары үшін Дулат Жүністайұлы 2023 жылы Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталды.
Жұмыс бабымен араласа жүріп Дулаттың бойынан аңғарғаным – оның үйде жақсы әке екендігі, балаларына ұлттық тәрбие беру жайына жүрдім-бардым қарамайтыны. 2023 жылы баласы – №36 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Жүністай Темірлан республикалық Абай оқуларында 1-орынды жеңіп алды. Жетекшісі Зейнеп Нұрахметоваға барлық міндетті артып қоймай, үйінде бір жағынан өзі де баланы шыңдап, Абайдың қара сөздерін көлікте де, көлдің жағасында да жаттатып жүрді. Қызы Қазына Тыныбекова да әрдайым қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты байқау атаулыда белсенді болғаны есімізде. Бүгінде Қазына Дулатқызы жоғары оқу орнын бітіріп, Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінде тіл маманы болып еңбек жолын бастады.
Абай мен Мағжандай тұлғалардың асыл сөзін дәріптеп, жас ұрпақ бойына қазақы рухты шегелеуге тер төгіп жүрген ұстаздың жолы тәрбие жауапкершілігін арқалаған әр маманға өнеге болуға тиіс.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА