2025 жылғы 25 қыркүйекте қаламызда жүкті әйелдерді вакциналау науқаны басталды. Еуропа және Америка
елдерінде жүкті әйелдерді тұмауға қарсы вакциналау 20 жылдан бері жүргізіліп келеді және оның иммунологиялық тиімділігі 70-85 пайызды көрсетіп отыр. Бәрімізге ең жеңіл ауру болып көрінетін тұмау вакцинасына неліктен көңіл аударуымыз қажет? Тақырыпты №2 емхана әйелдер кеңесінің меңгерушісі Галина Мулдашбаева тарқатады.
– Тұмау – инфекциялық ауру, штамм түріне және ағзаның иммундық әрекетіне қарай ол жеңіл өтуі де, асқынулар мен қауіптер тудыруы да мүмкін. Сондықтан жүкті әйелдерді тұмауға қарсы вакциналау туралы айтқанда, біз әйелдің ауру адаммен эпидемиялық қатынасы жағдайында инфекцияның таралу қаупін шектеуді мақсат тұтамыз. Жүкті әйелдер респираторлық инфекция ағымы бойынша тәуекел тобын құрайды, олар үшін тұмау «көшбасшы» сырқат болып саналады және әйелдің өзіне де, келешек сәбиіне де қауіп төндіреді. Жүкті әйелдерде тұмаудың асқынуы жиі кездеседі: вирусты, бактериалды пневмония, аралас этиологиялы өкпе қабынуы, синусит, бронхит, отит, пиелонефрит және т.б. Ауру ауыр өткен жағдайда жүрек-тамыр жүйесі асқынуы ықтимал. Тұмау салдары эндокриндік (қант диабеті), зәр шығару (нефрит, цистит) жүйелерін асқындырып, бронхиалды астмаға апарып соғуы мүмкін.
– Тұмау жұғуы мен асқынуынан ерте босану қаупі қаншалықты?
– Мұндай қауіп әрқашан бар. Жүктіліктің ерте мерзімінде тұмау вирусы мен бірқатар дәрі-дәрмек құрсақтағы шарананың жаңа бітіп келе жатқан мүшелеріне негативті әсерін тигізіп, соңғы айларда жұққан вирус плацентарлық қабырға арқылы балаға жұғуы да ғажап емес. Вакцина қабылдағаннан кейін әйелде қорғаныш иммунитеті қалыптасып, шарана үшін де транс-
плацентарлық қорғаныш пайда болады. Вакцина қалыптастырған тұмауға қарсы антиденелер балаға беріліп, сәби өмірінің алғашқы 6 айында вирус жұқтырудан сақтайтын болады.
–Вакцинаның қарсы көрсетілімдері қандай?
– Абсолютті қарсы көрсетілім – құс белогына аллергиялық реакцияның болуы және вакцина компоненттеріне жеке төзе алмаушылықтың болуы.
Қосалқы қарсы көрсетілімдер әр әйелдің басындағы жекелеген жағдайларға қатысты туындауы мүмкін, мәселен, антибиотиктер тобына немесе алдыңғы вакцинаға аллергия дегендей. Ал респираторлық сырқаттар, соматикалық аурулардың асқынуы, екінші және үшінші триместрдегі гестоздар толық айыққанша вакцинаны кейінге ысыра тұруға болатын уақытша көрсетілімдерге жатады. Вакцинаны жүктіліктің ерте мерзімінде салуға болмайды (жүктіліктің 13-інші аптасына дейінгі кезең – плацента қалыптасатын уақыт). Жүкті әйелдерге вакцина қабылдауға қолайлы кезең – екінші триместрдің басы, яғни, 13-36-ншы апта аралығы.
– Жүктілікті жоспарлап жүргендер үшін бұл вакцинаның маңызы қандай?
– Жүктілікті жоспарлап жүргендер вакцинаның ағзаға ықпал ету мерзімі 12 айды құрайтынын білгені жөн. Яғни, бала бойға бітуі ықтимал саналған уақыттан бір ай бұрын салу керек. Егер бұрын вирустық немесе бактериалдық сырқатпен ауырған болса, вакцинаны екі апта өткізіп барып салу қажет.
– Вакцина қабылдау тәртібіне тоқталып өтсеңіз…
– Вакциналаудан бұрын жүкті әйел акушер-гинекологтың және терапевт дәрігердің қабылдауында болып, денсаулығында вакцинаға қарсы көрсетілімдері жоқтығы туралы қорытынды алады. Одан соң егу кабинетіне барады. Ауырып ем іздегенше, оның алдын алу жеңіл екенін ұмытпайық дегім келеді!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Жанаргүл Қадырова