Қазақтың рухани болмысына айналған, әрбір сөзі – терең философия, әрбір әні ғасырлар үніндей болып жеткен ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтуде.
Осы мерейтой аясында 26 қыркүйек күні «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Абай – Ұлы дала кемеңгері» атты танымдық-музыкалық кеш өтті.
Кеш шымылдығы «Атамұра» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің күйімен ашылып, жиналған жұртшылықты ақын заманына жетеледі. Сахна безендірілуі де, қойылған әрбір көрініс те Абай дәуірінің рухын айқын сездірді. Шараға қаланың құрметті азаматтары, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.
Алғашқы «Абайды кім деп білесіздер?» атты пікір алаңы еркін әңгіме ретінде өрбіді. Қаланың Құрметті азаматы Жеңіс Мейірман сөзін: «Абай – бір атаның баласы емес, адамзаттың баласы» деген ойдан бастап, ақынның өмірбаяны мен ұстанымдарына тоқталды. «Абай өз халқының ғана емес, барша адамзаттың рухани шамшырағына айналды. Оның «толық адам» туралы ілімі – кез келген заманға жол сілтейтін бағдар. Ақын әр адамды өзін-өзі жетілдіруге, еңбек етіп, ғылым-білімге ұмтылуға шақырды. Сондықтан Абайды оқыған сайын біз өз жанымызға үңілеміз, өз болмысымызды танимыз», – деп ой түйді ұстаз. Бұл ойды білім саласының ардагері Нағима Қуанышева жалғастырып, ақынның қоғам мен адам туралы тұжырымдарын талдады. Сондай-ақ, Абайдың «шын ұят» пен «надандық ұят» туралы ойларын еске салып, ұлттық құндылықтарды сақтаудың мәнін айшықтады.
Журналист Елдос Төлеубаев кеште өзінің тың бастамасын бөлісті. Ол Абайдың 45 қара сөзін жаңаша форматта таспаға жазып, аудионұсқа дайындаған. Бұл еңбекті қазір облыстық «Халық радиосынан» – 102,1 толқынынан тыңдауға болады. Автор көрерменге өзінің алғашқы жұмысынан үзінді ұсынды. Ал білім саласының ардагері Гүлбаршын Сейітова ойын ақынның халыққа деген сүйіспеншілігін айқындайтын мына бір сөзбен түйіндеді: «Кез келгеннің қолы жете бермейтін шыңыраудағы терең су болғанша, әркім оңай пайдаланатын шалшық су болғаным жақсы».
Кеш барысында «Бала Абай мен әжесі Зере» атты театрландырылған көрініс көрсетілді. «Бойтұмар» театрының көркемдік жетекшісі Гүлжаһан Міртемірова орындаған қойылымда бала Абайдың әжесіне сұрақ қойып, Зере ананың даналықпен берген жауабы арқылы болашақ кемеңгердің ой-өрісінің қалыптасуы бейнеленді. Бұл сахналық сәт көрерменге Абай даналығының бастауында әжесінің мейірімі мен тәрбиесі тұрғанын сездірді. Сонымен қатар, Абай өлеңдерін оқудан республикалық «Шабыт» байқауының жүлдегерлері: Ерке Сетерхан, Ерболат Ержанат, Марғұлан Арыстанбекұлы, Дидахмет Нүптеке және Балауса Алдан ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді.
«Ұлылар үндестігі» атты бөлімде Абайдың әлем әдебиетімен байланысы айшықталды десек болады. Аудармашы Рауза Мұсабаева сахнада Гетенің шығармаларын неміс тілінде оқып, ақынның Шығыс пен Батысты жалғаған рухани көпір ретіндегі рөлін атап өтті. Айта кетсек, Абай Пушкин мен Лермонтовтан қырыққа жуық шығарманы қазақшаға аударып, халқына әлем әдебиетінің жауһарларын танытқан. Осы үндестікті «Асыл әжелер» ансамблі жалғастырып, Лермонтовтың «Горные вершины» әнін және Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін қатар орындады.
Абай – ойшыл әрі сазгер. Оның 30-дан астам әні мен 3 күйі қазақ музыкасының алтын қорына енген. Кеште Естай атындағы музыкалық мектептің өнерпаздары «Торжорға» күйін орындап, қара домбыраның үнімен залды тербетті. Ал Бауырбек Бектеміров «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» әнін, Сайлау және Рухия Оразбаевтар «Көзімнің қарасы» әнін, еңбек ардагері Дүйсенбай Жұматов «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындап, кештің сәнін кіргізді.
Шара соңында «Замандастар-құрдастар» және «Асыл әжелер» ансамбльдері қосылып «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.
Ділназ Серікбай
