25 қыркүйек күні Екібастұз қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Салтанатты рәсім Абай ескерткішінің алдында ұйымдастырылып, оған шығармашылық және педагогикалық зиялы қауым өкілдері, қала басшылығы мен белсенді жастар жиналды.
Абай – қазақ халқының рухани көшбасшысы, ұлттық сананы қалыптастырған дара тұлға. Оның мол мұрасы – адамзатқа ортақ қазына, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің алтын арқауы. Ақын шығармалары ел бірлігі мен руханиятының берік тірегі болып қала береді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген сөзі де осы ұлы мұраның мәңгілігін айғақтайды.
Шараға Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев, мәслихат депутаты Еркін Құсан, қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева қатысты. Жиында Павлодар облысының және Екібастұз қаласының Құрметті аза-
маты, білім саласының ардагері Жеңіс Мейірман, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі жазушы Сайлау Байбосын, Екібастұз билер алқасының биі Жұмажан Паруов, ардагер ұстаз Гүлбаршын Сейітова сөз сөйлеп, Абайдың әдебиет пен руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Шара соңында жиналғандар ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ділназ Серікбай