Ата кәсіп – мал өсіруді нәсіп еткендер үшін жердің қадірі жылдан-жылға артып келеді. Осы күні иелегіне жер алып, шаруасын дөңгелетуге құлшынған адамдар ауылдан да, қаладан да табылып отыр. Содан да болар, қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі өткізетін конкурстарға қатысушылар арасында бәсекелестік күшті. Таяуда ойналған конкурста 3 шаруа қожалығы бұрыннан бері пайдаланып келген жер телімдерінен айырылып қалып, шабындықтар өзге қатысушылардың еншісіне өтіп кетіпті. Резонанс тудырған бұл жайт туралы сәл кейінірек баяндаймыз.
24 қыркүйек күні қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Меруерт Қалиева Екібастұз ауылдық округінің Тай ауылында болып, жеке қабылдау жүргізді. Қабылдауға бірінші болып кірген «Ғазиз» шаруа қожалығының иесі Асылбек Рахымбаев таяу арада өткізілетін конкурсқа қатысуға ниетті екен.
– Қазіргі уақытта шаруашылығымда 600-дей ірі қара бар. Иелігімдегі 2600 гектар жайылымдық жер мал бағуға жеткілікті. Алайда шабындық жерімнің көлемі небәрі – 50 гектар. Жыл санап өсіп келе жатқан
мал басына пішен әзірлеу қиындап кетті. Жуырда болатын конкурсқа біздің төңіректен 65 гектар шабындық шығарылатынын естідім. Соған қатысудың шарттарын білгім келеді, – деді Асылбек Рахымбаев.
Оның сөзін мұқият тыңдаған Меруерт Сатыбалдықызы конкурс шарттарына біраз өзгерістер енгізілгенін тәптіштеп түсіндірді. Нақтырақ айтқанда, енді уақ мал санына, өтінім жасаушы мен оның жұмыскерлерінің ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарына, ауыл шаруашылығы техни-
касының түр-түріне ұпай берілетін болыпты. Сол себепті жер теліміне өтініш жасаушылар құжат тапсырғанда мұның бәрін ескерулері тиіс.
Жеке қабылдауда болған Бекжан Құлмағамбетов те жерін кеңейтуге ықыласты. Меруерт Сатыбалдықызы оған «Отарқа» газетінде немесе жер қатынастары бөлімінің инстаграм парақшасында жарияланатын конкурс шарттарымен мұқият танысуға кеңес берді. Құжаттарды тапсырғанда ұқыптылық та аса қажет. Конкурста ұпай санын еселеуге мүмкіндік беретін жайттар түгел көрсетілгені абзал. Әйтпесе бейқамдық жарға жығуы әбден ықтимал. Оған келтірер дәлеліміз де бар. 23 қыркүйекте болған конкурста Екібастұз ауылдық округі аумағындағы «Берік», «Борода», «Ербол» шаруа қожалықтары бұрыннан пішен дайындап жүрген шабындықтарынан қағылып қалыпты. Аталмыш шабындықтар Екібастұз ауылдық округінен тысқары жерлерде тұратын азаматтарға бұйырыпты. Әрине, бұл орайда заңға томпақ келетін ілік жоқ. Меруерт Сатыбалдықызының сөзіне қарағанда, конкурстың өту барысына бейнефиксация жасалған. Ал келер жылдан бастап конкурста ұпайларды есептеу электрондық форматқа көшірілмекші көрінеді. Десек те қазіргі конкурс ережелерінің көңілге қонымсыз тұстары бар секілді.
– Ұпайды көбірек жинауға инвестиция мөлшері ықпал етеді. Осы жайтты өз пайдасына жаратушылар инвестиция көлемін артығымен көрсетіп, біздің алдымызды орап кетіп жүр. Өкінішке қарай, осылайша жер телімін ұтып алған адамдардың әлгі қаржыны көрсетілген мерзім ішінде құйған не құймағанын ешкім тексеріп жатқан жоқ, – деп қынжылады ауылдағы шаруа қожалықтары иелері.
Мұның қаншалықты ақиқат екенін анықтап жазуды алдағы күндердің еншісіне қалдырайық. Сөз соңында сонау 1997 жылдан бері жер қатынастары бөлімінде қызмет етіп келе жатқан Меруерт Қалиеваның әрбір шаруа адамын түр-түсінен танитынын, шаруа қожалығының әлеуетін жақсы білетінін байқап, тәнті болғанымызды айта кетелік.
Ж.Жәлелұлы