«Әр ақылды адамға иман парыз, әр иманды адамға ғибадат парыз» демекші, мұсылман қауымы жыл сайын Алланың сүйікті құлы әрі елшісі, адамзаттың асыл тәжі – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың туған күнін Мәуліт айында мерекелейді. Мұсылман жыл санауы бойынша Мәуліт биылғы жылы 3-4 қыркүйекке тұспа-тұс келгені белгілі. Таяуда Екібастұз ауылдық округінің Тай ауылында алғаш рет Мәуліт мерекеленіп, Тай, Талдықамыс пен Көксиыр ауылдарының тұрығындары мешітте болып, содан соң асханада бас қосты.
Осы елді мекендегі Солтан қожа атындағы мешіттің имамы Сағындық Балабеков жиналған қауымға сүйікті пайғамбарымыздың өмірі жайлы баяндап, Екібастұз қаласы мешітінің наиб-имамы Төлеген Құсайынов құран оқып, Мәуліт айының мәнін түсіндіріп өтті.
Мәуліт айында Мұхаммед пайғамбардың өмірін дәріптеу, сауапты амалдар жасау, құран оқу сүннет болып саналады. Осылайша, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылады. Бұл жөнінде қасиетті хадисте былай делінген: «Кім маған салауат айтса, Алла оған он есе салауат айтады, оның он күнәсін кешіреді әрі дәрежесін он есе көтереді».
Үш ауылдың тұрғындары шығарған қаражатқа жайылған дастархан үстінде ислам діні, ізгілік пен имандылық жайлы әңгіме өрбіп, талдықамыстық Байтұрсын Иманқұлов, ауылдық округ әкімі Жанат Ибраев әрдайым ауызбіршілік танытып жүрген жерлестеріне ризашылық білдіріп, жасы 93-тегі ақсақал Сағынтай Рамазанов батасын берді.
Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетелік, Сағындық Балабеков имам болып тағайындалғалы ауыл мешітінде азан шақырылып, жамағат жиылып, діни мерекелер өткізіліп жүр екен. Мұндағы Исабек ишан немересі Солтан қожа атындағы мешітті 2009 жылы осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Серік Сәдуақасов салдырып, кейінгі күтімін де өз мойнына алып отыр. Мәселен, кәсіпкер азамат 2023 жылы мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, электр қуатымен жылытатын етіпті.
Ж.Бұланбай








