Бүгінгі таңда есірткі індеті – қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл дерт адам денсаулығын күйретіп, болашағын құрдымға жіберіп қана қоймай, отбасының тыныштығын шайқалтады. Әсіресе жасөспірімдерді мұндай қателік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс.
Осы мақсатта 30 қыркүйек күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Екібастұз қаласының мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Жиынға облыстық және қалалық прокуратура өкілдері келіп, жас буынға есірткінің зияны мен оның заң алдындағы ауыр салдары туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесуге Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары Тлеужан Жанабилов, ерекше маңызды істер жөніндегі аға көмекші Сүйіндік Қайырбаев, Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Талғат Бектасов, облыстық прокуратураның 1-басқармасы прокурорлары Жамбыл Оразалин мен Тас Бақыт, сондай-ақ, Павлодар облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ирина Темірғалиева қатысты.
– Есірткіге бір қадам жақындау тұңғиыққа түсумен тең. Заң алдында ешкім жауапкершіліктен құтыла алмайды. Ең бастысы, жасөспірімнің өздігінен қате шешім қабылдауына жол бермеу, оған ата-ана мен ұстаз тарапынан қолдау қажет, – деп ескертті облыстық прокуратураның 1-басқармасы прокуроры Жамбыл Оразалин. Ол, сонымен бірге, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты заңнамаларды түсіндіріп, мұндай құқық бұзушылықтың қылмыстық жауапкершілігі ауыр екенін нақтылап жеткізді. Жастарды жеңіл ақша табу уәдесіне алданбауға шақырды.
Жиын барысында қатысушыларға синтетикалық заттардың ағзаға тигізер зиянын айқын көрсететін арнайы бейнеролик ұсынылды. Оқушылар заң өкілдерінің сөздерін ұйып тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Өңірдегі ахуалды деректермен жеткізген Павлодар облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ирина Темірғалиева өткен жылы облыс аумағында 248 есірткі қылмысы тіркелгенін, заңсыз айналымнан 420 келіден астам есірткі тәркіленгенін, оның ішінде 16 килограмм синтетикалық зат барын хабарлады. Сондай-ақ «Қарасора» жедел шарасы барысында Екібастұзда нарколабораторияның анықталғанын да тілге тиек етті. Дегенмен соңғы жылдары жүргізілген кешенді жұмыстардың арқасында өңірде есірткі қылмыстарының саны 20 пайызға төмендегені қуантады.
Кездесу барысында прокурорлар жастардың құқықтық сауаттылығына да тоқталды. Олардың айтуынша, әлеуметтік желіден көргенін қайталап, заңға қайшы әрекетке баратын жағдайлар жиілеген.
– Сондықтан әр ата-ана баласына көбірек уақыт бөліп, оның ортасына, айналасына көңіл аударуы қажет. Смартфондарын бақылап, әңгімелесіп, дұрыс бағыт сілтегені жөн, – дейді заң өкілдері.
Ділназ Серікбай
