Күш-қайратын еліміздің өркендеуіне жұмсаған қариялар жасы еңкейген шағында елеусіз қалмауы тиіс. Осы орайда жыл сайын «Қамқорлық» айлығын өткізу дәстүрге айналған. Аппараттық кеңесте қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева аталмыш айлық аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар туралы баяндады.
Ілтипат пен көмек көрсетуден ешкім тыс қалмауы үшін түрлі меншік нысанындағы 60 кәсіпорын мен ұйымға қайырымдылық акциясына қатысу жөнінде хат жіберіліпті. Мәселені талқылау барысында өрбіген әңгімеден ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың өз зейнеткерлеріне қолдау жасауды бастап кеткені белгілі болды. Тегін отын түсіріп беру, азық-түлік себетін тарату, мерекелік дастархан жаю сияқты іс-шаралар жылдағыдай биыл да қолға алынған екен. Қала басшысы өз сөзінде кеңесте есеп берген басшыларға ұйымдастырылған шаралар туралы билікке толық ақпарат беруді тапсырды.
– Біздің өңірде 20 мыңнан астам зейнеткер бар. Өндірісте ғана емес, коммуналдық, әлеуметтік салаларда, ауыл шаруашылығында еңбек еткен ардагерлер де Қарттар күнінде қамқорлықты сезінулері керек. Жауапты тұлғалар мерекелік іс-шаралардың мазмұнды өтуін, «Қамқорлық» айлығының мақсатына жетуін қамтамасыз етуге міндетті, – деп түйіндеді сөзін қала басшысы.
Ж.Жәлелұлы