«Тәні саудың – жаны сау» демекші, күнделікті жаттығу жасап, спортпен шұғылдану адамды шынықтырып, көңіл күйін сергек етеді. Осы орайда бұқаралық спортты дамытудың жөні бөлек. 30 қыркүйек күні болған қала әкімінің аппараттық кеңесінде осы мәселе қаралып, қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева хабарлама жасады.
Қазіргі есеп бойынша Екібастұз өңірінде 55 мыңнан астам адам дене шынықтырып, спортпен шұғылданады екен. Соның ішінде 5992 бала мен жасөспірім қаламыздағы үш спорт мектебінде жаттығып жүр. Биылғы жылдың есепті мерзімі ішінде 800-ден астам спорттық-бұқаралық іс шара өткізіліпті. Жалпы, спортқа деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Мәселен, «Шахтер» стадионында өткен «Жас қыран» ММА турниріне 4 мың көрермен жиналыпты. Он екі мүшесі сау адамдар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар да спортты серік етуге құштар. Мұндай адамдар үшін тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, жүзу және пауэрлифтингтен 30 жарыс ұйымдастырылыпты.
АRТ спорт жобасы да жалғасын тауып, 2728 бала мен жасөспірім спорттың 19 түрімен айналысып жүр.
Бұқаралық спортты дамытуға қолайлы жағдай туғызу мақсатында спорттық инфрақұрылым жақсартылуда. Былтырғы жылы аулаларда шағын футбол алаңдары мен хоккей корттары пайдалануға берілді. Сонымен бірге, Торайғыров көшесі, 32 мекенжайындағы футбол алаңы жөндеуден өткізіліп, көрермендер трибунасы мен спортшылар киім ауыстыратын бөлмелер жасалды.
Жанар Қуанышқызы өз хабарламасында бұқаралық спортты ұйымдастыруға және спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға бюджеттен бөлінген 37 миллион теңге қаржының қалай жұмсалғанын да айтып өтті.
Спорт саласында жүрген жаттықтырушылардың еңбектері еш емес. Тамаша жетістіктерге қол жеткізген жекелеген спортшыларымыз баршылық. Десек те бұған тоқмейілсуге болмайтынын қадап айтқан қала әкімі Аян Бейсекин бұқаралық спортты дамытудың кемшін тұстарын санамалап атап өтті.
– Бюджеттен 200 миллион теңге қаржы жұмсалып, шағын футбол алаңдары мен хоккей корттары жасалды. Солардың бәрі толық қуатында пайдаланылмай отыр. Хоккей корттары қыс ішінде бос болды. Балаларды қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға шақыратын жарыстар ұйымдастырылған жоқ. Әлгі спорт нысандарын пайдаға жаратпасақ, не үшін салдық? – деген қала басшысы Аян Уахитұлы шенеуніктерден бұған дейін берілген тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын талап етті.
Сонымен бірге, қала әкімі қосшыларынан тың бастамалар күтетінін де жасырмады. Ол түгіл, қаламызға әйгілі спортшыларды шақыру үрдісі де жалғасын таппағанына қынжылды. Қысқасы, жауапты тұлғалар бұқаралық спортты дамытудың жаңашыл жолдарын ойластырып, өміршең етуі тиіс.
Ж.Жәлелұлы