Үш жыл бұрын құрылған «КорнАгро» ЖШС бүгінгі күні өңіріміздегі картоп өсіруші ең ірі шаруашылыққа айналып үлгерді. Биыл көктемде шаруашылық 1050 гектар алқапқа картоп, 200 гектар алқапқа сәбіз еккен еді. Қазіргі уақытта мұнда картоп жинау қарқынды жүргізіліп жатыр.
27 қыркүйек күні Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин «КорнАгро» ЖШС егістігінде болып, науқандық жұмыстар барысымен танысты.
– Жиын-терімді аяқтау үшін әлі ашық 20 күн қажет. Жиі-жиі жауған жаңбыр жұмысқа әжептәуір кедергі келтірді. Әйтпесе, техника жағы да, жұмыс күші де жеткілікті, – деді әңгімесінде Арман Қойсағалиев – «КорнАгро» ЖШС-нің бас директоры.
Жұмыс күшінің жеткілікті екендігіне шаруашылық нысандарын аралау кезінде көзіміз жетті. Науқандық жұмыстарға 500-дей адам қамтылған екен. Соның басым бөлігі егіс басында және қойма ішінде картопты іріктеу, тиеу, тасымалдау жұмыстарын техника күшінің сүйемелдеуімен атқаруда. Картоп іріктеуде төңіректегі Қалқаман кенті, Құдайкөл, Достық, Береке сияқты елді мекендер тұрғындары жалданып жұмыс істейтін көрінеді.
– Біздің Береке ауылынан күн сайын 50-60 адам осында келеміз. Таңертеңгі 8-ден кешкі 6-ға дейін еңбек етеміз. Бір күндік еңбекақымыз 11-13 мың теңге көлемінде, – деді сөзге тартқанымызда Жазира Өнерхан атты келіншек.
Ал егістік басынан қоймаға трактормен картоп тасып жүрген Серғазы Сатаев Түркістан облысының Жетісай ауданынан келіпті.
– Былтыр күзде де осы шаруашылықта жұмыс істеген едім. Биыл тағы келдім. Айлығым 450 мың теңге шамасында. Отбасын асырау қамымен жүрміз ғой, – деді механизатор жігіт ағынан жарылып.
Айтпақшы, оңтүстіктен жұмыс іздеп келген жалғыз Серғазы ғана емес екен. Бас директордың сөзіне қарағанда, ол жақтан 50 адам келіпті.
Жоғарыда «КорнАгрода» су жаңа техника көп екенін айттық. Мемлекет қолдауына сүйеніп «АгроКредит» корпорациясынан қыруар несие алған шаруашылық былтырдан бері әзір өнімді сақтайтын қоймаларды да салып тастапты. Заманауи екі қоймада 22 мың тонна картоп сақтауға болады екен. Науқан басталғалы қоймаға 4 мың тонна картоп жеткізіліп, кептіріліп жатыр.
Қала әкімі Аян Уахитұлымен әңгімелескенінде бас директор Арман Қойсағалиев картоптың әр гектары 350 центнерден өнім беріп жатқанын, сапасы жақсы екенін тілге тиек етті.
Айтпақшы, мұнда өсірілетін «Гала» тұқымды картопқа сұраныс көп. Оны тізіліп тұрған жүк көліктерінен-ақ байқауға болады. Әрі қос басында іріктелген картоп бағасы да арзан,
1 килосы – 90 теңге.
Жалпы, осы жолғы сапар барысынан көңілге түйгеніміз – картоп көп. Кейінгі жылдары осы салаға инвестиция тарту өз жемісін беріп отыр. Қала басшысы атап өткендей, ендігі міндет – егістіктегі картопты рәсуа етпей жинап алу.
Ж.Жәлелұлы
