29 қыркүйек күні «Атамұра» мәдениет орталығында ауыл жастарының басын қосқан «VILLAGE TEAM» форумы өтті. Форумға 60-қа жуық ауыл жастары, жастар мәслихатының депутаттары, мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты. Жиын барысында панельдік сессия өткізіліп, жастарға өзекті мәселелер ұсынылды.
Алғашқы бөлімде қатысушыларға Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асу тетіктері жөнінде баяндап, елді мекендерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жоспарларын бөлісті. Кәсіпкер, блогер Мырзатилла Батиров ауыл жастарының кәсіпкерлікте алатын орны мен артықшылықтарына тоқталып, бизнес бастаудағы тәжірибесі мен қаржылық сауаттылық жөнінде кеңес берді. Ал «Ассамблея жастары» қозғалысының жетекшісі Айдана Тасболатова жастар арасындағы бірлік пен татулықтың қоғамдағы рөлін атап өтті.
Форум аясында ауыл мен кент жастарының ұсыныстарын жинап, оларды жастар мәслихаты арқылы тиісті органдарға жеткізетін «Ауыл жастары кеңесі» құрылды. Кеңес төрайымы болып жастар мәслихатының депутаты Самал Мұхамеджанова тағайындалды. Үйлестіруші орган ретінде Жастар бастамаларын дамыту орталығы белгіленді. Жиын барысында Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев кеңес мүшелеріне куәлік табыстады. Олардың қатарында Нариман Нұртанов (Солнечный кенті), Бекжан Тау (Шідерті кенті), Армангүл Монхбат (Бәйет ауылы), Серікгүл Өмірбек (Атығай ауылы), Алина Тахирова (Төртүй ауылы), Аяжан Айтан (Құлакөл ауылы), Ақтан Мейрам (Құдайкөл ауылы), Жанғанат Абай (Қарасор ауылы), Байбол Әбілсейт (Бозшакөл ауылы), Ақнұр Тоқтасын (Ақкөл ауылы), Назерке Ақтай (Зеленая роща ауылы), Амангелді Амантаев (Жақсат ауылы), Дамир Узканов (Шиқылдақ ауылы), Бексұлтан Бурш (Әлкей Марғұлан ауылы), Асанәлі Мұратбек (Сарықамыс ауылы), Архат Жанатов ( Қоянды ауылы) бар.
Форум жұмысы панельдік сессиялармен жалғасты. «Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар» тақырыбындағы алғашқы сессияда қалалық прокуратура өкілі Дина Кушкулова дропперлік пен сыбайластықтың алдын алу және интернет алаяқтықтың қауіптері туралы баяндады. Сонымен қатар, «Отбасы банк» өкілі Мариям Ахметова жастардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін түсіндіріп, Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды.
Келесі сессияда «EKB HUB» техноклубының жетекшісі Даниял Нұрымжанов жасанды интеллектінің түрлері мен мүмкіндіктерін таныстырып, оны күнделікті өмірде қолданудың тиімділігі мен қауіптері туралы әңгімеледі. Ол тәжірибелік көрсетілім жасап, қатысушыларға жаңа технологияның қыр-сырын көрсетті.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде 14–35 жас аралығындағы 5,8 миллион жастың 2,1 миллионы ауылдық жерде тұрады. Ал Екібастұз өңірінде 41 648 жас бар, оның 3946-сы ауылдар мен кенттердің үлесіне тиесілі. 20 мыңнан астам екібастұздық жас өндіріс саласында еңбек етіп жүр.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының «Ауыл CONNECTION» жобасы да ауыл жастарының әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Аталған жоба аясында 2000 шақырым жол жүріліп, 55 іс-шара өткізілген екен. Тек биылдың өзінде ауыл жастарына 50 еңбек квотасы бөлінген. Форум соңында биылғы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан мамандар марапатталды.
«VILLAGE TEAM» форумы ауыл жастары үшін жаңа бастамалардың, тың идеялардың алаңына айналды. Бұл жиын – жастардың ел дамуына қосар үлесін арттырып, олардың әлеуметтік белсенділігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Ділназ Серікбай
