Абаттандыру және санитарлық тазалық айлығының екінші аптасында күзгі ағаш отырғызу қолға алынды. 27 қыркүйек күні мұғалімдер мен студенттер, жұмысшы жастар мен еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен депутаттар «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» станциясы маңайындағы ашық алаңқайға жиналды. Мұнда күнілгері аталмыш кәсіпорын есебінен шұңқырлар қазылып, түп топырағымен қоса жас шыбықтар жеткізілген екен. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үлес қосуға ниеттеніп келген адамдар әзір шұңқырларға қарашірік пен шелек-шелек су тасып, дереу іске кірісіп кетті.
– Байырғы кеншімін. «Шығыс» кенішінде көп жыл машинист болып еңбек еттім. Ірі өндіріс орындары маңында жасыл белдік болуы тиіс. Бүгінгі акция мақсатын білген соң жасым жетпіс тоғызда болса да, қатысуды ұйғардым, – деген Мұрат Шабаровтың сөзі, әрине, жастарға ұлағат боларлық пайым.
Қолдарына күрек ұстағандар арасынан ардагерлер: Болат қажы Әбеновті, Самат Рамазановты, Қабдылуахит Ибраевты, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміреновті, депутаттар Нияз Макраев пен Қанат Тұрлыбековті, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасовты және тағы басқа азаматтарды көзіміз шалды. Аға буынның қасында бір-бірімен әзілдесіп жастар жағы да еңбектенді. Күш-жігері тасыған жастарды депутат Еркін Құсан жұмысқа жұмылдырып жүр.
Ерекше ауқымды шараға Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов пен Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекин қатысып, көппен бірге бір-бір түп терек екті.
– Қоршаған ортаның қадірін білуіміз керек. Біздің аймақ – өнеркәсіптік аймақ. Өндірістік әлеуеті зор. Экономикалық даму үшін бұл, әрине, жақсы. Десек те өндірістің экологияға тигізетін зияны да болатыны белгілі. Мәселен, Павлодар облысы бойынша жыл сайын әуеге 700 мың тонна зиянды қатты қалдық шығарылса, соның 400 мың тоннасы Екібастұздың үлесінде. Сол себепті өндіріс ошақтары маңында жасыл белдіктің болуы аса маңызды. Бүгінгі акцияға 800-дей адам қатысып отыр екен. Бұл – жақсы. Қатарымыз бұдан көп болып, әр адам қоршаған табиғи орта тазалығын ойлай білсе, тіптен абзал, – деді аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы акцияға қатысқан жастармен әңгімелесіп, пікірлескенінде.
Айтпақшы, 1 мың түп терек егілген алаңқайдың арғы жағында бұрынғы жылдары отырғызылған қарағаш пен бұталар көрініп тұрған-ды.
– Биыл күз қаланың іші мен сыртында 12 мың түп ағаш егіледі. Ендігі уақытта басымдық пирамидалдық терек сияқты ағаштарға беріледі. Жайқалып өскен бір терек 3 текше метр ауаны тазартады екен әрі ну орман болып жетілсе, әдемі де емес пе, – деген қала әкімі Аян Уахитұлы жас шыбықтарды күтіп-баптау кәсіпорынның міндеті екенін де айтты.
Акцияға қатысқан әр адамның көңілінде де: «Еңбегіміз зая кетпей, жас шыбықтар жайқалып өссе екен» деген ой тұрды.
Ж.Сәдуақас
