Қазақстанның халық әртісі, қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Атамұра» мәдениет орталығында «Әнімен әр жүректі әлдилеген» атты ерекше ән кеші өтті. Игі шараға студент жастар, өнерге ғашық ата-әжелер және жалпы әнсүйер қауым жиналып, Шәмші әндерінің сазды әлеміне саяхат жасады.
Кеш барысында көрермендерге композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты естеліктер, әсерлі әңгімелер ұсынылды. Солардың бірі – Қазақстанның халық әртісі Мыңжасар Маңғытаевтың замандасы Шәмші туралы айтқан естелігі. Бұл әсерлі жазбаны кеш жүргізушісі Болатбек Шаланов оқып берді.
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Әу баста есімі Жәмшит болып қойылғанымен, кейіннен Шәмші аталып кетіпті. Өмірінде талай қиындық пен қуанышты бастан кешірген композитор бір сөзінде: «Мені біреу бақытты етті десем, оным өтірік. Ешкім ренжітпеді десем, оным да өтірік… Мен өз өмірімде қанша ән салсам, сонша жылаған да болуым керек», – деп шынайы сырын ақтарған екен.
Өкінішке қарай, композитордың еңбегі өзі өмірден өтер сәтке дейін толыққанды елене қойған жоқ. Дегенмен 1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән байқауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл байқау көптеген талантты жас өнерпаздың жолын ашып, үлкен сахнаға жолдама бергені сөзсіз.
Айта кету керек, Шәмші Қалдаяқовтың екі ұлы – Мұхтар мен Шалқар бүгінде әкелерінің жолын жалғап, кәсіби музыкант ретінде еңбек етуде.
«Атамұрадағы» кеште Шәмші Қалдаяқовтың елге кеңінен танымал әндері: «Сыған серенадасы», «Қайдасың», «Дүнген қызы», «Кешікпей келем деп ең», «Ана туралы жыр», «Арайлым, ақ Келес», «Әнім сен едің», «Теріскей», «Шынарым», «Бақыт құшағында», «Тамды аруы», сондай-ақ, композиторды сағынғанда жазылған И. Исаевтың сөзіне Қ. Құрманәлі шығарған «Ән аға» туындысы шырқалды. Жиналған көрермендер сүйікті әндерін қосыла айтып, залда ерекше атмосфера орнады.
Сахнада Жомарт Қабыкенов, Сұңғат Көпежанов, Гүлнар Қадырова, Жанболат Илеубаев, Бауыржан Жанайдаров, Мәдина Тұрсынбаева, Арман Шүкіров, Айнұр Смағұлова, Тәжгүл Купай, сондай-ақ, «Тұмар» аспаптық ансамблі, «Арна» тобы, «Қамажай» ансамблі өнер көрсетті. Әр орындаушы өз жүрегінен шыққан әуен арқылы Шәмші рухына тағзым еткендей.
Шәмші Қалдаяқовтың 300-ден аса әні бүгінгі күні қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол жазған әндер халқымыз-
дың жан дүниесімен үндес. Сосын да болар, Шәмші өмірден озса да, оның әндері өміршең. Ән-ағаның әуезді әуендері ендігі жерде әр қазақтың жүрегіне әнұран болып жетіп жатыр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








