Үстіміздегі жылдың 24 мамырынан бастап Қазақстанда тұрғын үйге кезекке тұру тәртібі өзгеріп, халықтың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Бұдан былай Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіне тұра алады. Мұндай өзгерістер «Отбасы банк» АҚ-ның тұрғын үй саясатын толықтай өз құзырына алуымен байланысты болып отыр. Осы орайда қалалық коммуникациялар қызметінде «Отбасы банк» АҚ Екібастұз филиалының қызметкерлері жаңа тәртіп туралы және «AQYL» білім депозиті туралы ақпарат берді.
«Отбасы банк» АҚ Екібастұз филиалы қызмет көрсету орталығының басшысы Әмір Жақсылықовтың айтуынша, соңғы 5 жылда өз атына тіркелген үйі болмаған азаматтар кезекке еш кедергісіз тұра алады. Ең басты талап – 18 жасқа толған болуы тиіс. Жаңартылған жүйе азаматтарға бір мезетте бірнеше бағдарламаға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл баспаналы болудың түрлі жолдарын біріктіруге және таңдауға жағдай жасайды.
Кезекке тұру – тек алғашқы қадам. Үй алу үшін азаматтар «Отбасы банкінде» есепшот ашып, қаражат жинақтауы тиіс.
«18 жаста кезекке тұрған азамат қай уақытта үй алады?» деген сұраққа «Кезегі келгенде» деген жауап алдық. 3 жыл бойы осы банктің депозитінде қаражат жинап, баспананың жарты құнын жинаған адам онсыз да 5 %-бен ипотека рәсімдей алады емес пе? Бұл жағдайда мемлекеттік арнайы бағдарламаларға жүгінудің қажеті шамалы сияқты.
Биыл «Ертіс жастары» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және БАҚ салаларының жас мамандары қатыса алады. Құжаттар қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы арқылы қабылданады.
– 2023 жылдан бастап әрбір қазақстандық балаға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қаржы аударыла бастады. Бұл қаражатты 18 жасқа толған соң пайдалануға болады, әйтпесе ол БЖЗҚ-ға аударылады. Ата-аналарға бұл соманы баласының баспанасына алғашқы жарна ретінде қолдануға кеңес беремін, – дейді банк қызметкері А.Жақсылықов.
«AQYL» – оқуға арналған арнайы білім беру депозиті. Жылдық табыстылық мөлшерлемесі – 13,58%. Оның ішінде әлеуметтік осал топтар үшін (жетім балалар, мүгедек балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар) 7% мемлекеттік сыйақы қарастырылса, қалған санаттағылар үшін сыйақы 5%-ды құрайды.
2025 жылдан бастап бұл депозитке мемлекет тарапынан «Келешек» бағдарламасы шеңберінде бастапқы капитал аударылады. Жалпы санаттағы балалар үшін – 60 АЕК (235 920 теңге), жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 120 АЕК (471 840 теңге).
Бастапқы капитал 2025 жылы 5 жасқа толатын балаларға беріледі. Бірақ бұл капиталды сақтау үшін ата-аналар жыл сайын белгілі мөлшерде жарна құюы тиіс. Жоғарыда аталған жалпы санаттағылар жыл сайын – 24 АЕК (2025 жылы – 94 368 теңге), әлеуметтік осал топтар 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге) жинауы тиіс.
Ескерте кететін жай, жыл қорытындысында қажетті жарна құйылмаса, мемлекет берген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.
Көп ата-ананы қызықтыратын тағы бір сұрақ – «Бала мемлекеттік грантпен оқуға түскен жағдайда «AQYL» депозитіндегі қаражатты шешіп алуға бола ма?». Банк қызметкерлері бұл мүмкін екенін айтқанымен, Otbasybank.kz порталында бұл ақпарат толық жазылмаған. Порталдағы деректерге сүйенсек, депозиттегі қаражатты оқу аяқталғаннан кейін басқа туысына (аға-іні, апа-қарындасы) аударуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, депозитті әрі қарай жинақтауға болады. Ал грантпен оқыса, ақшаны шешіп алуға болатыны туралы нақты ақпарат порталда жоқ.
Жаңа өзгерістер тұрғын үй мен білім саласында халыққа тиімді мүмкіндіктер ашады. Азаматтар ертерек қаржы сауаттылығын арттырып, жинақтау мәдениетін қалыптастыру арқылы өз болашағын өздері жоспарлай алады. Алайда «AQYL» депозитінен қаражатты шешу тәртібі сияқты кейбір мәселелер әлі де нақты түсіндіруді қажет етеді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ