23 қыркүйекте қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан биылғы жетістіктер мен алдағы жоспарлар жайында баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері орталық 317 іс-шара өткізіп, 25 мыңнан астам жас қамтылған. Қатысушылардың қатарында ауылдық жерлерден келген 1500 жас, колледждер мен жоғары оқу орындарының 6 мың студенті, 7500 жұмысшы жас және 10 мыңға жуық мектеп оқушысы бар.
Еркін Амангелдіұлы жастардың әлеуетін ашуда басты басымдық еңбек пен кәсіби бағдарға беріліп отырғанын атап өтті. Мәселен, «ProfiFest» кәсіби бағдар фестивалі жастарға болашақ мамандығын таңдауда нақты бағыт-бағдар берсе, «Жастарға–жұмыс» онлайн жәрмеңкесінде жүздеген бос жұмыс орны ұсынылып, жұмыс берушілер мен жас буын арасында тікелей байланыс орнатылды. Цифрлық бағытта ашылған «EKB HUB» техноклубы бағдарламалау, робототехника және хакатондар арқылы жастарды жаңа технологияларға баулып, олардың заман талабына сай дамуына жол ашуда. Сондай-ақ заманауи құндылықтарды дәріптейтін подкаст жобалары мен ашық кездесулер жас буынның ой-өрісін кеңейтуге ықпал етуде.
Мәдениет пен өнер саласында да жастар белсенділік танытып отыр. Жайдарман ойындары, «PRO движение» би байқауы, «EKB Music» жобасы, жазғы «EKIBASTUZ FEST» фестивалі мен түрлі шығармашылық кештер жас дарындарға өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік берді. Ал спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауда «Жастар лигасы» жарыстары, киберспорт турнирлері және «Рух» әскери-патриоттық сайыстары өтті.
Әлеуметтік жобалар мен еріктілер қозғалысы да назардан тыс қалмады. «Таза Қазақстан – таза қала» акциясы аясында жас еріктілердің бастамасы экологиялық мәдениетті дамытуға серпін берді. Мемлекеттік тіл саясатын қолдау бағытында Telegram арнасы іске қосылып, миллионнан астам қаралым жинаса, жайдарман ойындары да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қызмет етуде. Ал «Заң мен тәртіп» секілді ақпараттық жоба әділетті Қазақстан құндылықтарын жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталды.
Орталық директоры жастарды қолдауға бағытталған алдағы жоспарларын да бөлісті. Жыл соңына дейін ауыл жастарының «Village Team» форумы өткізіліп, түрлі панельдік сессиялар ұйымдастырылмақ. Форум аясында ауыл жастары кеңесінің мүшелеріне куәліктер табысталады. «Бұл кеңестің артықшылығы – әр ауылдан сайланған жастар өкілдері ауылдағы бастамаларды алға жылжытып, өз өңіріндегі жұмысты жандандырады», – деді Еркін Құсан. Сонымен бірге желтоқсан айында республикалық «WORK CUP» пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін колледж студенттері Екібастұзда бас қосады. Ал Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай өтетін «Достық кубогы» облыстық жайдарман сайысы ұлттар достығы мен татулық құндылықтарын дәріптейтін маңызды шара болмақ.
Келер жылға арналған жоспар қазірден бастап әзірленуде. Екібастұз техноклубының материалдық-техникалық базасы дайындалып, орталық қызметін жасанды интеллект арқылы автоматтандыру жұмыстары қолға алынған. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту міндетімен үйлесіп отыр.
«Жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға артып келеді. Келесі жылдан бастап ауылдық округтерге де арнайы қаражат қарастырылады. «Ауыл Connection» жобасы арқылы ауыл жастары тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы түрлі жобаларға қатыса алатын болады. Бұл – ауыл жастарының әлеуетін көтеру бағытындағы нақты қадам. Жастарға жасалған әрбір қолдау – елдің ертеңіне салынған инвестиция», – деп қорытындылады сөзін Еркін Амангелдіұлы.
Ділназ Серікбай
