Қыркүйектің 13-14-і күндері қасиетті Баянауыл топырағында республикалық «Қазақ Билер алқасының» кезекті Құрылтайы өтті. Елдік пен бірлікті ту еткен алқалы жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген абыз ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жас зерттеушілер бас қосты.
Құрылтай аясындағы алғашқы шара әулие, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне зиярат ету болды. Облыстың бас имамы бастаған топ баба рухына арнап құран бағыштап, тағзым етті. Құрылтайдың негізгі жиыны Баянауылдағы жаңа мәжіліс залында өтті. Мұнда ел ішіндегі түрлі мәселе көтеріліп, қоғамдық ұйымның жұмысына серпін беретін маңызды шешімдер қабылданды.
Алқалы жиынға Екібастұз билер алқасының төрағасы Жұмажан Паруов та қатысып келген екен. Би аға құрылтай туралы өз пікірін бөлісті.
– Ел өзіміздікі болған соң келген қонақтарды барынша жақсы қарсы алуға тырыстық. Құрылтайда елдік пен бірлікке бастайтын бастамалар көтерілді. Жас өрендерді ұлттық рухта тәрбиелеу, білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуге араласу – басты мақсаттарымыздың бірі. Билік пен халық арасында дәнекер болсақ, ұрпағымызды дәстүр мен салтты ұмытпай тәрбиелесек дейміз, – деді ол.
Екі күнге созылған іс-шарада ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет кеңінен насихатталып, келелі кеңестер мен тағлымды ұсыныстар ортаға салынған екен. Республиканың 17 облысы мен 3 мегаполисінен келген 150-ге жуық делегат билердің қоғам дамуы мен ел бірлігін нығайту жолында рөлін арттыру туралы пікірлерін бөлісіпті.
Құрылтайда «Қазақ Билер алқасының» бас биі Әбу Орынбасарұлының жылдық есебі тыңдалды. Ұйым жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында алқаның қызметін жаңғырту, билерді қоғамдық өмірдің түрлі салаларына кеңінен тарту, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, білім мен ғылымды қолдау бағытындағы нақты қадамдар белгіленді.
Маңызды шешімдердің бірі бас биді сайлау мерзімін 1 жылдан 3 жылға ұзарту болды. Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, қазіргі бас би Әбу Мұхаммед қайта сайланды. Сонымен қатар, алқа билерінің арасынан Қазақстан Республикасы Парламентіне бір өкіл ұсыну жөніндегі бастама да қызу қолдау тапты.
Құрылтай қарарында билердің жұмысын жүйелеу мақсатында арнайы «Әдеп кодексі» қабылданыпты. Сонымен қатар, билерді медиатор ретінде сот жүйесіне тарту, «Әкелер мектебін» қалыптастыру, білім мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату, жас буынды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу және «Абай – Шәкәрім – Мәшһүр» үштағаны аясында арнайы бағдарлама әзірлеп, оны мемлекеттік органдарға ұсыну секілді ауқымды жоспарлар бекітілді.
Білім беру саласындағы реформаларға қатысты ұсыныстар әзірлеу де күн тәртібінен түспеді. Атап айтқанда, оқулықтардың сапасын арттыру, мектептерде ұлттық тәрбиені күшейту, мамандық таңдауға бағыттау мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды билер алқасы білім бөлімімен бірлесіп атқаруға ниетті.
– Құрылтайда елдікке сіңірген еңбегі үшін Балтабай Сыздықовқа «Абыз ақсақал» атағы берілді. Сонымен қатар, Қажымұқан Пазылов пен Сайлау Байбосын алқа мүшелігіне қабылданды. Әулие Мәшһүр Жүсіптің ұрпағы Қажымұқан Пазылов пен жас ғалым Нұрсұлтан Мұсаханұлына шапан жауып, құрмет көрсеттік, – деді билер кеңесінің төрағасы.
Құрылтай аясында Ескелді шатқалын «Ескелді жотасы» деп атау туралы ұсыныс та қаралыпты. Бұл атауларды тарихи және рухани тұрғыдан қайта жаңғыртуға бағытталған қадам десе болар.
Қазақ Билер алқасының бұл құрылтайы — ұлттық сананы жаңғырту, ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, жас ұрпақты тәрбиелеу бағытында тың серпін беретін маңызды жиын. Ұйым өкілдері мемлекет мүддесіне сай келетін кез келген бастаманы қолдауға және жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ









