Қаламызда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған айлық аясында жарқын әрі әсерлі шара өтті. «Достық үйінде» өткен «Тілдер достығы – халықтар достығы» атты шығармашылық фестиваль түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ аясына тоғыстырды. Этномәдени бірлестіктер мүшелері мен белсенді жастарының қатысуымен өткен мерекелік кеш бейбітшілік пен келісімнің, достық пен мәдени алуандықтың жарқын көрінісіне айналды.
Сахна төрінен түрлі ұлттың әні мен биі төгілді. Фестиваль шымылдығы талшыбықтай бұралған арулардың орындауындағы «Салтанат» биімен ашылып, «Асыл әжелер» ансамблінің «Айналдым елім» әнімен жалғасты. Әр этномәдени бірлестік өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық нақыштағы әндер мен билерді көпшілік назарына ұсынды.
«Братство», «Белорусь», «Полония» этнобірлестіктері «Славяночка», «Вечарынка», «Радзиня» секілді халық әндерін орындаса, «Горец» лезгинка мектебінің жас бишілері авар биін билеп, көпшілікті тәнті етті. «Барыни» ансамблі мен «Сеньоры» вокалдық тобы «Майн шатс», «Где-то играет гармонь» атты сырлы әндермен көрерменді тебірентсе, Айдос Хамитовтың «Қазақстан» атты патриоттық әні ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында «Вайнах», «Арарат», «Азербайджан», «Чосон», «Дустлик хайот» этномәдени бірлестіктерінің бесенді жастары түрлі тілде өлеңдер оқып, тіл мерекесіне ерекше құрмет көрсетті. Ал «Достық үйінің» жастары бірігіп шырқаған «Ертіс-Баян» әні мерекенің шарықтау шегіне айналды.
Фестиваль аясында ұлтаралық келісімді нығайтуға белсенді үлес қосқан азаматтар мен өнер ұжымдары марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Братство» этномәдени бірлестігінің мүшесі Марина Лазарева, «Белорусь» бірлестігінен Анатолий Дворак, «Возрождение» бірлестігінен Юлия Мерк, «Полония» бірлестігінен Антон Ясинский, «Свитанок» бірлестігінен Любовь Синько, сондай-ақ, «Шатлық» этномәдени бірлестігінен Фарзия Клепица құрметке ие болды.
Бұл күні мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі атынан «Асыл әжелер» вокалдық ансамблі (жетекшісі – Ләззат Шушаева), «Барыни» вокалдық тобы (жетекшісі – Құламерген Бейсенбенов), «Достық үйінің» жастар тобы (жетекшілері – Ирина Аксенова мен Ольга Михайлова), «Горец» лезгинка мектебі мен «Достық» ансамблі (жетекшісі – Марина Завьялова) арнайы марапаттарға ие болды.
Тілдер күніне белсенді атсалысқан Жастар ассамблеясының мүшелері – Айдос Хамитов, Алина Сурдейкина, Элина Критинина мен Элина Гусейнова да алғыс хаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталып, кеш соңында жиналған жұрт көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Тіл – татулық дәнекері. Осындай мерекелік іс-шаралар еліміздің бірлігі мен бейбіт өмірін айшықтай түседі.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ








