Елді мекендерді таза ұстауға ерекше мән беріліп отырған уақытта абаттандыру және санитарлық тазалық айлығын тиімді ұйымдастырудың пайдасы зор. Осы орайда, қала басшысының өкімімен 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығы абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы болып жарияланғаны белгілі. Осы айлық аясында 20 қыркүйекте жалпықалалық сенбілік өткізіліп үлгерілген-ді. 24 қыркүйек күні қала әкімдігінде тазалық айлығына қатысты кеңес болып, оған кәсіпорындар мен ұйымдардың, мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Арнайы кеңесте қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Абай Хакімов хабарлама жасап, алғашқы сенбіліктің қорытындысы жайлы айтты. Жалпы, абаттандыру және тазалық айлығы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – қала мен ауылдық елді мекендер аумағын қоқыстан, күзгі жапырақтан тазарту. Екіншісі – экологиялық хал-ахуалды жақсартуға септігін тигізетін күзгі ағаш отырғызу.
Қала әкімі Аян Бейсекин тазалық айлығының маңыздылығын жиналған қауымның есіне тағы бір мәрте салып, өнеркәсіптік өндіріс орындарында дәстүрлі «Таза жұма» күндерін ұйымдастыруға кеңес берді. Ал шағын және орта бизнес, әлеуметтік сала нысандары аумағы сенбіліктерде тазартылуы тиіс. Осылайша, бір ай ішінде қаланың іші мен сыртқы аумағын тап-таза ету міндеті қойылып отыр. Жиналған қоқыс тегін тасымалданады және полигонда тегін қабылданады. Бұл жұмысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімі үйлестіреді. Сонымен бірге, сенбіліктердің ұйымдасқан түрде өтуіне бақылау жасайды.
Айтпақшы, алдағы сенбі, яғни, 27 қыркүйекте қоқыс тазалауға қоса, жас шыбықтарды отырғызу қолға алынады. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберіндегі бұл шараны жинақы әрі жауапкершілікпен өткізу абзал екенін айтқан қала басшысы Аян Уахитұлы сенбілікке жете мән бермеушілерге әкімшілік шаралар қолданылатынын да ескертті.
Негізі, тазалық мәселесінде тұрғындардың санасы сергек болғаны жөн. Шырайлы шаһарымыз үнемі таза әрі көрікті болып, жасыл желекке көміліп тұрса, ғажап емес пе. Ендеше әр екібастұздық ар-ұятына жүгініп, тазалық айлығынан сырт қалмауын өзіне парыз санағаны абзал.
Ж. Жәлелұлы