23 қыркүйек күні Екібастұз қалалық мәслихаты тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы болып, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева «Екібастұз қалалық мәслихатының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы «2025-2027 жылдарға арналған Екібастұз қаласының бюджеті туралы» №208/25 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселеге қатысты хабарлама жасады.
Салтанат Қойшыбайқызының айтуынша, қала бюджетін нақтылау бюджеттің кіріс бөлігін нақтылау, бюджетті түзету, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мемлекеттік сатып алуларынан оңтайландырылған шығыстарды пайдалану және үнемдеу есебінен жүргізіліп отыр. Өзгерістер енгізілген соң қала бюджетінің көлемі 71748,6 миллион теңгені құрайтын болады.
Әр түрлі салаға, түрлі мақсатқа қаржы бөлу жағы қарастырылғанда, әдетте, халық қалаулылары белсенділік көрсетеді. Бұл жолы да бірқатар мәселе төңірегінде пікірталас туды. «Екібастұзсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұған дейін бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға арнайы техникалар сатып алған екен. Сол техниканы қоятын база қажет. Әуелгіде ол үшін 150 миллион теңге бөлінгенімен, аздық етіпті. Енді депутаттар 220 миллион теңге қаржы бөлуге келісті.
Айтпақшы, «Екібастұзсервис» – қала мен ауылдық елді мекендер аумағында төтенше жағдайлар туындаса, соның салдарын жою жұмыстарын атқаратын коммуналдық мекеме.
Бюджетті нақтылауда Бәйет, Сарықамыс және Әлкей Марғұлан ауылдарында өрт сөндіру қызметі үшін модульдік гараждар сатып алуға 120 миллион теңге қарастырылып отыр. Депутат Жанат Ибраев осы мәселеге қатысты «Әлкей Марғұлан ауылында өрт сөндіру депосы бар емес пе. Модульдік гараж сатып алу қаншалықты қажет?» деген сыңайдағы ойын білдіріп еді, алайда өзге депутаттар бұдан әрі сөз жарыстырған жоқ.
Есесіне, «Өнер» мәдениет сарайы сұраған 16 миллион теңге төңірегінде әжептәуір әңгіме болды. Аталмыш қаржы негізінен болашақ театрға қажетті костюмдер сатып алу үшін керек екен. Бірақ та кеңейтілген отырысқа қатысқан мәдениет бөлімі қызметкері қандай костюмдер қажет екенін, бағалары қанша тұратынын түсіндіріп бере алмады. Мұны ілік еткен депутаттар Мәриям Маликова мен Татьяна Шмидт мәселені кейінге шегеруді ұсынды. Абырой болғанда, бұлай етуді бірқатар халық қалаулылары жақтамай, мәселе сессия қарауына шығарылатын болды.
Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйіне сапалы музыкалық аппаратура сатып алуға 2 миллион теңге бөлінбекші. Осы орайда, депутат Жанат Ибраев ауыл клубтарында да музыкалық аспаптар жетіспейтінін айтып, мәселені назарға алуды ұсынды.
Тағы бір сөз болған мәселе – Желтоқсан көшесі, №3 үйдің жағдайы. Он бес пәтерлі бұл үй апаттық жағдайда деп танылыпты. Онда тұратын 4 отбасы басқа баспаналарға көшуге келісіп, ал қалған 11 отбасы өтемақы сұраған екен. Осы жолы сол мақсатқа да тиісті қаржы бөлініп отыр. Депутаттар мұны тегіс қолдады.
Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысында, сонымен бірге, «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі комиссия құрамына, «Екібастұз қаласының аумағында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі қалалық комиссия құру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мақулданып, мәслихаттың экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобының құрамы мен ережесі бекітілді.
Ж. Жәлелұлы