18 қыркүйек күні №17 жалпы орта білім беретін мектептің мәжіліс залында Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы, №13 сайлау округінен сайланған депутат Нияз Макраевтың тұрғындармен дәстүрлі есеп беру кездесуі өтті. Аталған округке 31-шағынаудан мен оған іргелес орналасқан жеке сектор көшелері кіреді.
Өз сөзінде депутат өткен жылы округ тұрғындарынан 40-тан астам өтініш қабылданғанын, оларды шешу мақсатында мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындарға 20-дан астам депутаттық сауал жолданғанын атап өтті. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды мәселелер өз шешімін тапқан.
– Облыс және қала әкімі, атқарушы органдардың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Аула аумақтары жөнделіп, округ бойынша 10 балалар ойын алаңы орнатылды. №7 балабақша мен №17 мектептің кіреберіс жолдары асфальтталды. Татулық, Профсоюзная, Угольщиков, Диспетчерлік, Омашев, Интернационалист-жауынгерлер, Дружба көшелерінің жолдары, сондай-ақ, Екібастұздың 40 жылдығы көшесінен Мәшһүр Жүсіп көшесіне дейінгі аралық тегістеліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Целинная, Рабочая, Солнечный, Тепличный, Балдәурен, Жігер, Казахстанская, Х. Әлмұхаметов көшелері мен 6 және 14-Южный өткелдерінде ағымдағы жөндеу жасалды. 31-шағынаудандағы көшелер мен аулалар жарықтандырылып, №17 мектеп аумағындағы жарық бағаналары электр желісіне қосылды, – деді Нияз Құдайбергенұлы.
Абаттандыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Депутаттың айтуынша, балаларға арналған ойын алаңдары пайдалануға беріліп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп көшесінде көп жылдан бері бос тұрған ғимарат қала балансына өткізіліп, оны 140 орындық инклюзивті балабақшаға қайта бейімдеу жоспары қолға алынған. Қазіргі уақытта аумақ тазартылып, қоршалыпты.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту да өзекті мәселелердің қатарында. Қашықтығы 3 шақырым болатын N2 жылу магистралі қайта жөнделіп, оның 1,2 шақырымы 31-шағынаудан аумағынан өткен. Сонымен қатар Степная және Заводская көшелерінде су құбырлары толықтай ауыстырылды.
Әлеуметтік қолдау бағытында да оң бастамалар жүзеге асырылды. Нияз Макраевтың айтуынша, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жүйелі түрде көмек көрсетіліп, ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен №2 мектептің робототехника командасы Дубайда өткен халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған екен.
Кездесу барысында тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерін ашық жеткізді. Әсіресе жылу, ауызсу, жол және балалардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар жиі көтерілді. Екібастұз жылу энергия орталығы қызметкері Әділқайыр Ибраев бес жылдан бері орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған үйлердің жағдайын айтып, тұрғындардың пеш жағуға мәжбүр екенін жеткізді. Бұл мәселе бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар тұрғындар кәріз жүйесін қайта құрудан кейін жолдардың қалпына келтірілмеуіне шағымданып, асфальттауды талап етті. Құрылыс бөлімі өкілдері аталған жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін түсіндірді. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі тозығы жеткен су құбырларына қатысты да сын айтылып, «Горводоканал» өкілдері оны назарға алды.
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе де қозғалды. Ата-аналар №17 мектеп маңында жаяу жүргіншілер жолағының жоқтығын, көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шектемейтінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін футбол алаңы қажеттігі айтылды. Депутат бұл ұсынысты құптап, келесі жылы қала әкімінен спорт алаңы мен жүгіру жолын орнатуды сұрайтынын жеткізді. Кездесу соңында барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынатыны мәлімделді.
Ділназ Серікбай