19 қыркүйек күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №3 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Салтанат Ибрагимова тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық маусымына дайындық туралы баяндады.
Маманның айтуынша, 22 тамызда ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №6 қаулысы қабылданып, маусымдық аурулардың алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары бекітілген.
– Қаламыздағы медициналық ұйымдар тұмауға қарсы жаппай вакциналау жүргізуге толық дайын. Вакцинаның жеткізілуі қыркүйектің 25-іне дейін күтілуде. Бүгінде екпе алатын тұрғындардың тізімі жасақталып, барлық екпе кабинеттері әзірленді. Вакцинаны сақтау және тасымалдау талаптары да қатаң сақталатын болады, – деді Салтанат Ибрагимова.
Сонымен бірге, биыл республика көлемінде вакциналауды бастау жоспарланған мерзімнен сәл кейінге шегерілетіні атап өтілді. Бұл уақытша өзгеріс барлық өңірлерде бірдей қолданылады.
Эпидемиологтың айтуынша, 1 қазаннан бастап барлық медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін маска режимі енгізіледі. Емханалар жеке қорғаныс құралдарымен – маска, қолғап, халат, антисептикпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Барлық емханаларда ЖРВИ және тұмау белгілерімен келгендерге арналған фильтр кабинеттері жұмыс істейді. Олар вирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар зертханалық талдауларға арналған биоматериалды қабылдау, сақтау және жеткізу жүйесі жолға қойылған.
Эпидемиологиялық маусым кезінде науқастардың шамадан тыс жиналуын болдырмау үшін қосымша қабылдау кабинеттері ашылып, мобильді бригадалар үй жағдайында қызмет көрсететін болады.
Халық арасында профилактикалық шаралар жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Емханаларда бейнематериалдар көрсетіліп, әлеуметтік желілерде қажетті мәліметтер жарияланып жатыр.
Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. 1 қыркүйектен бері жедел респираторлық аурулардың 1648 жағдайы тіркелген. Оның ішінде балалар – 920, жасөспірімдер – 89, ересектер – 639, жүкті әйелдер – 3 адам. Дәрігерлердің айтуынша, тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцина алу. Әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге, жасы үлкен адамдарға, созылмалы аурулары бар тұрғындарға және медицина қызметкерлеріне екпе салдыру ұсынылады.
Сонымен қатар мамандар қарапайым гигиеналық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салады: қолды жиі жуу, үй-жайды желдету, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау, иммунитетті күшейту және науқастармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу.
Ділназ Серікбай