18 қыркүйек күні қалалық коммуникациялар қызметінде көшіп келуші еңбеккерлерге рұқсат беру, оны ұзарту және кері қайтарып алу мәселелеріне арналған брифинг өтті. Жиынға Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева қатысып, аталған мемлекеттік қызметтің ережелері мен талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Оның айтуынша, еңбек ету мақсатында Қазақстанға келетін шетел азаматтарының басым бөлігі үй шаруашылығына байланысты жұмыстарға тартылады. Олар, негізінен, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінен.
— Еңбекші көшіп келушілерге берілетін рұқсат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2024 жылғы 31 шілдедегі №288 бұйрығы негізінде рәсімделеді. Бұл қызметті алу үшін шетелдік азамат жұмыс берушімен бірге қажетті құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тапсыра алады. Сондай-ақ egov.kz электрондық порталы немесе migration.enbek.kz сайты арқылы онлайн түрде өтініш беруге мүмкіндік бар, — деп атап өтті бөлім басшысы.
Өтініш қабылданғаннан кейін мемлекеттік корпорация электронды құжатты ресімдеп, ақпараттық жүйелер арқылы тиісті бөлімге жолдайды. Қызмет үш жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Рұқсат алу үшін еңбекші көшіп келушілер белгіленген үлгідегі өтінішпен бірге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің түбіртегін, мемлекеттік шекарадан өткенін растайтын паспорттағы белгіні, денсаулығында еңбек етуге кедергі келтіретін кінәраты жоқтығын дәлелдейтін медициналық анықтаманы, медициналық сақтандыру куәлігін және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалған еңбек шартын ұсынуы қажет.
Мамандардың мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Екібастұз қаласының халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне 505 өтініш түскен. Оның ішінде 326 азаматқа көшіп келуге алғаш рет рұқсат берілсе, 46 өтініш рұқсат ұзартуға қатысты, ал 133 өтініш түрлі себептермен кері қайтарылған.
— Статистикаға қарасақ, Екібастұзға еңбек ету мақсатында көшуге ниет білдірушілердің дені көрші Өзбекстаннан. Биылғы жылы рұқсат алу үшін 311 өзбекстандық, 11 тәжікстандық және 4 әзербайжандық азамат өтініш тапсырды, — деп толықтырды сөзін Зейнеп Жақсыбаева.
Бұл көрсеткіштер қаладағы еңбек нарығында шетелдік жұмыс күшіне деген сұраныстың барын айғақтайды. Әсіресе, үй шаруашылығына байланысты жұмыстарды атқаруда шетелдік азаматтардың үлесі айтарлықтай екені байқалады.
Аталған қызметке қатысты толық ақпарат алу үшін тұрғындар Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне (Энергетиктер көшесі, 62, 502-кабинет) жүгіне алады немесе 74-01-77 телефоны арқылы хабарласуына болады.
Ділназ Серікбай