Жексенбі күні Екібастұз қаласында ірі сауда нысандарының бірі – «Аквилон» сауда-құрылыс кешенінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Аян Бейсекин қатысып, екібастұздықтарды жаңа гипермаркеттің ашылуымен құттықтады.
Қала басшысы өз сөзінде бұл кешеннің өңір экономикасына қосар үлесіне тоқталып, оның әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Ашылу салтанатында «Аквилон Трейд» сауда кешенінің бас директоры Андрей Ясиновский де сөз сөйлеп, жобаның маңызы мен ерекшеліктерін таныстырды. Бұдан соң Андрей Ясиновский мен қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев лентаны қиып, кешеннің жұмысын ресми түрде бастады.
Мерекелік шара аясында сауда кешені ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тұтынушыларға арнайы сыйлықтар ойнатылды.
«Аквилон» сауда-құрылыс кешені – өңіріміз үшін аса маңызды инвестициялық жоба. Жоба кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы мен Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. 2021 жылы басталған құрылыс «Даму» Ұлттық қорының қолдауымен іске асырылып отыр.
Жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асатын кешеннің 8 008 шаршы метрі сауда алаңына арналған. Кешен құрамына логистикалық орталық пен теміржол кірме жолы кіреді. Бір уақытта 11 вагон қабылдай алатын инфрақұрылым жүк қабылдау, өңдеу және сақтау жұмыстарын едәуір жеңілдетеді.
– Бүгінде «Аквилон» өз тұтынушыларына 25 мыңнан астам тауар түрін ұсынып отыр. Сауда процесі заманауи технологиялармен жабдықталған. Бизнес-процестердің ашықтығы мен қызмет көрсетудің сапасын басты назарда ұстаймыз. Құрылыс материалдарын жеткізу, түсіру және көтеру бойынша көрсетілетін қызметтер логистиканың толық циклін қамтамасыз етіп, қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруға ықпал етуде, – деді компанияның бас директоры Андрей Ясиновский.
«Аквилон Трейд» компаниясы 1997 жылдан бастап нарықта жұмыс істейді. Бүгінде ол Павлодар облысындағы ең ірі сауда желілерінің біріне айналды. «Аквилон» дүкендер желісі бүгінде 180 қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жаңа кешеннің ашылуы Екібастұздың экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін береді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ
