Күзгі тазалық айлығының алғашқы сенбісі – 20 қыркүйекте бір күн бұрынғы жаңбыр толастап, күн шайдай ашылып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай туды. Сөйтіп екібастұздықтар құрал-жарақтарын қамдап, ертелетіп өздеріне бекітіліп берілген учаскелерден табылды. Әсіресе, қала әкімі аппаратының қызметкерлері ерекше белсенділік танытып, өзгелерге үлгі көрсете білді.
Әкімдік ғимараты алдындағы скверде еңбектеніп жатқан ересектер ішінен кішкентай балақайға көзіміз түсті. Қасындағы анасына қарағыштай пыс-пыс етіп қолындағы сыпырғышпен жапырақтарды сыпырып жүр. «Есімің кім?» – деп сұрап едік, «Айзере», – деді ұяң тіл қатып. Айзере сенбілікке анасы Әсемгүл Қонақбаеваға ілесе келіпті. Қала әкімі аппаратында бухгалтер болып қызмет істейтін Әсемгүл 40 шақты әріптесімен бірге еңбектеніп ғимарат маңайын тап-таза етуге өз үлесін қосуда екен.
Шаһар көшелерін аралай жүріп, Екібастұз тас көмірін тапқан кентанушы Қосым Пішенбаев ескерткіші түбіндегі скверге аялдадық. Мұнда күрек, тырнауыш, сыпырғышпен қаруланған колледж студентері жұмысқа кірісіпті.
– Жалпы, бүгін біздің колледжден 20 студент сенбілікке шықты. Ескерткіш және колледж аумағын қоқыстан тазарту міндеті жүктелді. Келесі жолы өзге топтар студенттері де осылай еңбек етеді, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Умарова.
Әдетте тазалық айлығында мектептер мен медицина мекемелері ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері белсенділік танытатыны мәлім. Бұл жолы да солай болды. Есесіне ПИК-тер мен кәсіпкерлердің ортақ іске қатысқанын көре алмадық. Келесі сенбілікте бұл жайт ескеріледі деген үміттеміз.
Жалпы, осы жолғы сенбілікке қала мен ауылдардағы 510 ұйым мен кәсіпорын жұмылдырылып, 4100 адам тазалық айлығына қатысып, 63 техника күші пайдаланылды. Қала сыртындағы қоқыс полигонына 3200 тонна қоқыс шығарылды. Ендігі уақытта әр жұма сайын кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жалғастыратын болады.
Ж.Бұланбай