Қала әкімі Аян Бейсекин М.Әуезов көшесі, 53 «А» мекенжайындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты: мұнда қашықтығы 2 шақырым суық және ыстық су желісі ауыстырылуда. Күрделі жөндеу жұмысы көпқабатты 14 үйдің және 5 «А» шағынауданындағы әлеуметтік нысандардың тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52 мекенжайынан Сәтбаев көшесіндегі 8-үйге дейінгі аралықтағы 1,5 шақырым желі жаңартылды. Қала басшысы жауапты коммуналдық қызметтерге жұмысты мерзімінде аяқтап, құбырларды оқшаулауды және абаттандыруды қалпына келтіруді тапсырды.
Тағы бір маңызды жоба – Беркімбаев көшесіндегі қашықтығы 3,5 шақырымды құрайтын магистральды су желісінің реконструкциясы. Бұл желіден қайта-қайта ақаулар шығып, желінің әбден тозғандығын көрсеткен-ді. Қазіргі уақытта құбыр төсеу жұмыстары тәмамдалды. Мердігер ұйымға жол төсемін қыркүйектің аяғына дейін қалпына келтіру жүктелді.
Беркімбаев көшесіндегі апатты кәріз коллекторының реконструкциясы да сәтті аяқталды. Ұзындығы 600 метрге созылған бұл коллектор учаскесі – қаланың су ағызу жүйесінің маңызды бөлігі, сондықтан оны қалпына келтіру уақыт күттірмейтін шаруа болды.
Жалпы алғанда, қайта қалпына келтіру, күрделі және ағымдағы жөндеулер шеңберінде биылғы жылы 30 шақырым магистральдық және кварталішілік сумен қамтамасыз ету және су ағызу желілері жөндеуден өтті.
Үкімет пен Павлодар облысы басшылығының қолдауы арқасында соңғы жылдары инженерлік желілердің тозу көрсеткіші барынша азайғаны – қуанарлық жайт.
Ж.ӘБДІКӘРІМ