Күн сайын жүгіруді дағды еткен үлкен-кіші үшін «Күзгі кросс» мереке болып саналады. 20 қыркүйек күні «Шахтер» стадионының бас қақпасы алдына жиналған қауымның көңіл күйлері көтеріңкі болды. Жарыс тізіміне аты-жөндерін жазғызып, реттік нөмір алып, содан соң дене қыздыруға кірісті. Сырт көз күзгі кросқа жас шамасы әркелкі адамдардың келгенін байқар еді. Өйткені жүгіру денсаулыққа пайдалы әрі жас талғамайды. Жарыс басталмас бұрын солардың бірқатарын әңгімеге тарттық.
— «Богатырь Көмір» кәсіпорнында машинист болып еңбек етемін. Күзгі кросқа жыл сайын қатысамын. Түрлі қашықтыққа жүгіру маған ұнайды. Жалпы, спортты серік ету керек. Үш баланың әкесімін. Әлихан бокспен, Арман джиу-джитсумен шұғылданады. Кенжеміз әлі кішкентай, — деді әңгімесінде 37 жастағы Аманбол Бейсеуов.
Аманболдан әрірек екі егде адам бір-бірімен сөйлесіп тұр екен. Екеудің бірі – Сүйіндік Жүсіпбеков жасы 74-те болса да, күн сайын жүгіріп, велосипед тебетін көрінеді. Ал құтқарушы болып қызмет істейтін Валерий Цымбалдың жасы 57-де екен.
Күзгі кросқа қатысуға жазылғандар қатарында қыз-келіншектер де көп болды. Көпбалалы жап-жас аналар Мақпал Масалимова мен Гауһар Бегимова да жүгіруді машық еткендер тобынан екен. «Ангел» іздестіру отрядының үйлестірушісі Альбина Зимина да осында жүр. Қысқасы, бұл күні күзгі кросқа 100-ден аса адам жиналды. Сапқа тізілген әуесқой спортшылар алдында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсамбаева сөз сөйлеп, сәттілік тілеген соң, жарыстың бас төрешісі Виктор Алексеев жүгіру шарттарын түсіндіріп өтті.
Күзгі кросты мүгедектігі бар балалар мен жеткіншектер бастап, 500 метр қашықтықты бағындырды. Осыдан кейін кезек қыз-келіншектерге тиді. Олар 3000 метр қашықтыққа жүгірді. Қыз-келіншектер ішінде көмбеге бірінші болып Инара Серік жетті. Абай Құнанбаев атындағы №2 қазақ мектебінің 8-сынып оқушысы Инараның жеңіл атлетикамен айналысқанына сегіз жыл болыпты. Негізінен, ол 400, 800 метр қашықтыққа жүгіруге машықтанған. Биылғы жылы 2010-2011 жылы туған қыздар арасында өткен ел чемпионатында эстафеталық команда құрамында жүлделі екінші орынға қол жеткізіпті.
Енді кростың нәтижелерін айтар болсақ, 16-29 жас арасында Инара Серік – бірінші, Лидия Легинькая – екінші, Яна Фомина үшінші орынды иеленді. 30-39 жастағы әйелдер арасында Ольга Воробьева жеңімпаз атанып, екінші орынды Гауһар Бегимова, үшінші орынды Альбина Зимина еншіледі. 40-49 жастағылар ішінде Раиса Рыскулова топ жарып, Елена Семенова екінші, Салтанат Мустафинова үшінші орынды місе тұтты. 50-59 жастағы әйелдер арасында Любовь Лыкова, жасы алпыстан асқан әйелдер арасында Сара Прокофьева жеңімпаз болды.
Ерлер арасындағы кросс та тартысты өтіп, жігіттер 5000 метр қашықтықты бағындырды. Жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздарды атап өтейік: Ахмед Керейбаев (16-29), Алмаз Мусаипов (30-39), Серікжан Байсолтанов (40-49), Виталий Прокин (50-59) және Темірбек Барбосынов (60+).
Күзгі кросс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен медальдар табыс етілді. Негізі, мұндай жарыста жеңімпаз атану мақсат емес, ең бастысы қатысу болып табылады. Осы өлшеммен қарағанда, күзгі кростың жылдан-жылға өрісі кеңіп отыр. Мұның өзі жүгіруді дағды еткен екібастұздықтар саны артып келе жатқанын байқатады.
Ж.Жәлелұлы
