«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Өнегелі әулетте өсіп-өнген балалар ер жеткен соң әке-шешеден алған тәрбиесін өмірлік кәдесіне жаратып, игі істерге
ұйытқы бола білген. Мұның жарқын көрінісін биыл жаз Ақкөл ауылының 90 жылдығы тойланғанда байқадық. Тойдың ауыр жүгін көтерісуге көптеген әулеттер атсалысып, ауылдастарының алғысына бөленді. Алғысқа кенелген сондай әулеттің бірі – Сағынтаевтар әулеті.
Әр әулеттің өз тарихы болады емес пе, Сағынтаевтар әулеті қасиетті Ақкөл-Жайылма жерінде ертеден тамырын тереңге жіберген. Сағынтай қарт заманында ел басқарып, колхоз басқармасының төрағасы болып қызмет еткен. Бәйбішесі Рабиға Нығметқызы екеуі 5 бала өсіріп, қатарға қосты. Сол бес баланың бірі – Мұқатай «Ақкөл» кеңшарының №4 фермасында көп жыл бухгалтер болып еңбек етті, қолы епсекті азамат жүген-қамшы өріп, ағаштан бұйымдар жасаушы еді. Жұбайы Айша Аманбайқызы пошта қызметкері болып, фермадағы науқандық жұмыстардың бел ортасында жүріп, Наурыз мейрамында бөлімше атынан тігілген киіз үйді жасандырып, ісмерлігімен елге танылды.
Сағынтай ақсақалдың тағы бір ұлы Ержанның есімі Екібастұз өңіріне танымал еді. Қабілетті азамат «Ақкөл» кеңшарында комсомол комитеті хатшысы, машина-трактор жөндеу шеберханасында механик, кеңшар кәсіподағы ұйымының төрағасы болып қызмет істеп, шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосты. Ол 1999 жылы Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сол бір қиын кезеңде жігерлі жігіт ауылдың іргесі сөгілмей сақталып қалуына қажыр-қайратын жұмсады. Айтпақшы, Ержан Сағынтаев белгілі палуан еді, ауылда спортты дамытуға ерекше көңіл бөлді. Қолы қызметтен босаған сәттерде мылтығын иығына асып, дала кезіп, аңшылық құрды. Зайыбы Күлбарам Ташмағанбетқызы өмірден ерте өтіп, үш ұл баланы өзі азамат етіп өсірді. Бертін Сәуле Жақышқызымен көңіл жарастырып, екі үйдің балалары бір отбасындай болып кетті. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демей ме, әулет үлкендері бүгінде бақилық болғанымен, ағалы-інілі Мұқатай мен Ержан Сағынтаевтардың ұл-қыздары жоғарыда айтқанымыздай Ақкөлдің тойында жеке киіз үй тігіп, ынтымағы жарасқан әулет екендіктерін паш етті. Әңгімемізді ары қарай жалғардан бұрын сәл шегініс жасайық.
… Жазғытұры «Гамма» сауда үйіндегі асханаға түскі ас ішуге бардым. Ержан ағаның баласы Мейірман да сонда отыр екен. Бір үстелге жайғасып, алдағы тойды әңгіме еттік.
– Әкемнің ісі мен ізі қалған туған ауылымыз ғой. Шама-шарқымыз жеткенше көмек қолымызды созамыз, – деді нық сөйлеп Мейірман бауырым. Уәдесіне берік азамат екен, әр жылғы түлектер қаражат қосып, ауылдың үш көшесі профқаңылтыр шарбақпен қоршалғанда сол игі істің басы-қасында маңдайы тершіп Мейірман Сағынтаев пен Рүстем Шүкіровтің жүргеніне ризалықпен куә болдық.
Айтпақшы, тәлімді ұрпақ әке рухы алдындағы парызды біледі емес пе. Осыдан алты-жеті жыл бұрын Ержан ағаның үш ұлы: Руслан, Мейірман, Дастан ауыл сыртындағы жазғы спорт кешені босағасына естелік тақта орнатып, ауыл жастары арасында турнир ұйымдастырған болатын. Сөз арасында айта кетелік, аталмыш спорт кешенін Ержан Сағынтаев кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет істегенде ауыл жастарының басын біріктіріп жасаған-ды.
Ақкөлдің 90 жылдық тойы өтіп жатқанда Сағынтаевтар әулеті тіккен киіз үйге де бас сұқтық. Киіз үйдің сыртында әулет тарихынан хабардар ететін үлкен баннер ілінген екен. Мұқатай марқұмның ұлдары Серік пен Ерлан, қыздары Жұпар, Зәуреш, Зейнеш, Раушан, Шынар, Ержан марқұмның зайыбы Сәуле апай, ұлдары Руслан, Мейірман, Дастан – бәрі-бәрі құрақ ұшып қонақ күтіп, шаруа басты болып жүрді.
– Жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе. Киіз үйді тігуге, ас-сумен қамтамасыз етуге Көпен ағамыздың балалары Жұматай мен Бауыржан, жиендер Нұржан Қанашев, Арман Жүзбасов, Думанбек Мұсабеков, Алтынбек Сағынтаев, қысқасы, туған-туыс бәрі шет қалмай көмектесті, – дейді әңгімесінде Мейірман Ержанұлы.
Той күні Сағынтаевтар әулеті киіз үйінен дәм татқан 500-дей адам үй иелерінің ыстық ілтипатына сүйсініп, алғыстарын жаудырғаны анық. Бүгінгі күні Сағынтаевтар әулетінен тараған ұрпақтар әр түрлі салада еңбек етіп, Қазақ елінің өркендеуіне еңбек сіңіріп жүр.
Айтпақшы, кейінгі толқын – жас буын да бауырсақ жеп, ұрттары томпайып киіз үйдің төрінде асыр салып, аунап-қунады. Сондағы алған әсер періште көңілдерге өшпестей болып жазылып қалғаны анық. Ертеңгі күні ат жалын тартып азамат болғанда елім деп еңіреп тұратын ерлер де осындай тәлімді әулеттерден шығады.
