«Ауыл» партиясы барлық кәсіби және әуесқой фотографтар үшін «Ауыл нақыштары» фотоконкурсын жариялады. Жүлде қоры – 3 900 000 теңге.
Жүлдегерлер «Ауыл нақыштары», «Фоторепортаждар», «Еңбек адамы», «Ауылдағы бақытты балалық шақ» аталымдары бойынша марапатталады. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» жүлдесі беріледі.
Үздік жұмыстар фотокөрмелерге қойылып, фотоальбомдарға салынады.
«Ауыл нақыштары» – «Ауыл» партиясының ел өмірінің тыныс-тіршілігін, ауыл азаматтарының ажарын айшықтайтын жарқын жобаларының бірі.
Байқау онлайн форматта өткізіледі: қатысушылар фотосуреттерді 31 қазанға дейін партияның ресми сайты арқылы жүктейді. Жұмыстарды кәсіби қазылар алқасы тақырыпты ашу, фотоөнердің жаңа қырлары мен адамның ішкі сезім сырларын жеткізу шеберлігіне және басқа да өлшемшарттарға сай бағалайды.
Өткен жылы байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 122 адам қатысып, 500-ге жуық фототуынды ұсынған болатын.
Ж.БАЙМЫРЗА