Екібастұз өңірінде 4585 мүгедектігі бар азамат ресми тіркеуде тұр, оның ішінде 732 адам – І топқа, 1 422 адам – ІІ топқа, 1750 адам – ІІІ топқа тиесілі, 681 бір азамат – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар. 781 азамат көру қабілетінің нашарлығына немесе зағиптығына, 200 азамат есту мүшелеріндегі ақауларға байланысты мүгедектік ресімдесе, 263 сырқат арба көмегімен қозғалады, тағы 1613 азаматтың тірек-қимыл жүйесі зақымдалған.
– Осы тізімдегі 330 адам – мүгедектігі бар азаматтар тізіміне биылғы жылдың 1 шілдесі мен 15 қыркүйегі аралығында тіркелгендер. Оларға Екібастұз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, санаторлық емдеуге жолдама беру, протездермен, судо және тифлоқұралдармен, қоларбалармен қамтамасыз ету, т.б. қызмет көрсетуде, – деп тарқатты Екібастұз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева.
Қоғамымызда мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы шаралар жасалып жатқандай болғанымен, олардың жүріп-тұруы, әлеуметтік ортамен араласу жағдайы әлі де өте қиын. Мүгедектікті ресімдеу үшін де айлап-апталап түрлі табалдырықты тоздырып, денсаулықтың жарамсыздығын ұзақ дәлелдеу қажет.
Көңілге медеу етерлік жайт, соңғы екі жылда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп мүгедектерді қоғамдық ортаға бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс атқаруда.
Бұдан былай онкология, туберкулёз, инсульт салдары, аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, 1-типті қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігінің соңғы сатысы, Паркинсон ауруының ауыр деңгейі сияқты күрделі диагнозы бар азаматтар мекемелерді жағалап жүрмейтін болады, олар қажетті қызметтерді проактивті тәртіпте ала алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы Асхат Аймағамбетов хабарлады.
«Ақмола мен Павлодар облыстарында пациенттерді МӘС-ке жолдауды орталықтандыру пилоты іске қосылды. Бұл негізсіз, сапасыз құжаттарды болдырмауға мүмкіндік береді. 30 маусымнан бастап ерекше нозологиялар бойынша («ампутация», «Даун синдромы», «мукополисахаридоз») арнайы механизм енгізілді. Бұл мүгедектікті тезірек әрі артық рәсімсіз белгілеуге жол ашты. Біздің табанды ұсынысымызбен Денсаулық сақтау министрлігі нысандарға өзгерістер енгізіп жатыр. Міндетті госпитализация талабы алынып тасталмақ. Бұл тек уақытты ғана емес, сонымен бірге, бюджет қаражатын да үнемдейді.
Біз үшін бұл тек құрғақ статистика немесе ресми есеп емес. Бұл – нақты тағдырлар, жанды тарихтар. Бұл өзгерістерді табанды түрде жүзеге асыруды жалғастыра береміз» деп жазды Асхат Қанатұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ж.ӘБДІКӘРІМ