17 қыркүйек күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында Жастар бастамаларын дамыту орталығы Екібастұз политехникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Бұл басқосудың басты мақсаты ҚР Президентінің Жолдауында айтылған бастамаларды кеңінен насихаттау және жастарды орталық аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалармен таныстыру болды.
Кездесуді Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан жүргізді. Ол сөзінің басында Мемлекет басшысының: «Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі», – деген сөзін мысал етіп, жастардың ел дамуындағы рөліне айрықша тоқталды. Шынында да, ұлт болашағының тағдыры жас буынның белсенділігіне, олардың өз мүмкіндігін дұрыс бағытта пайдалана білуіне тікелей байланысты.
Жиын барысында ҚР Президентінің биылғы Жолдауындағы негізгі бағыттар сөз болды. Онда айтылған бастамаларға тоқтала келе, Еркін Амангелдіұлы заманауи технологияларды меңгеру, қаржылық сауаттылықты арттыру, ауыл шаруашылығын жетілдіру, экологияны қорғау, заң мен тәртіпті күшейту, сондай-ақ, инвестиция тарту мен цифрландырудың маңыздылығына назар аударды. Ол бұл бағыттардың әрқайсысы жастардың да болашағына тікелей ықпал ететінін атап өтіп, олардың кәсіби дамуы, өмірлік дағдыларының қалыптасуы туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында орталықтың әлеуметтік жобалары да кеңінен таныстырылды. Олар жас буынға өз қызығушылығын дамытуға және қоғамға пайдасын тигізуге мүмкіндік береді. Мәселен, әлеуметтік желідегі «Go Ekibastuz» парақшасы мен «Qcast» подкасты жастардың еркін пікір білдіруіне жол ашса, «Skills Jastar» мамандықтар көрмесі олардың болашақ кәсібін айқындауға бағыт береді. Пікірсайыс клубтары мен еріктілер қозғалысы көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырып, азаматтық ұстанымды нығайтады. Технологияға құштар жастар үшін «EKB HUB» техно-клубы мен киберспорт қозғалысы бар. Ал өнерді серік еткендер поэзия кештері мен «EKB MUSIC» фестивалінде шығармашылық қабілетін шыңдап жүр. Кітапқұмарлар клубы, «Мінберде» спикерлер алаңы, «Speaking Club», жайдарман ойындары да жастардың ойы мен дарынын ұштайтын ортаға айналған. Жиын соңында студенттер өз қызығушылықтарына сәйкес жобаларды таңдап, QR-код арқылы бірден тіркелді. Осылайша, өткен басқосу ақпарат берумен ғана шектелмей, мотивациялық сипат алды. Ол жас буынды белсенді болуға, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға, болашақ мамандығына сеніммен қадам басуға жігерлендірді.
Ділназ Серікбай
