Күн суытып, жылыту маусымы басталысымен өрт оқиғаларының жиілей түсетіні белгілі. Пешпен немесе электр құралдарымен жылынатын жеке секторларда қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, оларды дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт шығу деректері кездеседі.
Жуырда Екібастұз қаласындағы Юбилейный көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шығып, оқыс оқиға орын алды. Таңғы сағат 6 шамасында тұтанған отты дер кезінде сөндірген өрт сөндірушілер үй ішінен зейнеткер әйел мен балаларды аман алып шықты. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жылыту маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатқанын мәлімдеді. Басқарма инженерлерінің айтуынша, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында жеке секторларды аралап, рейд өткізілген.
– Жылыту маусымы басталғаннан бері мамандарымыз тұрғын үйлерді аралап, пештердің техникалық жай-күйін тексеріп жүр. Қауіп төндіретін ақау анықталған жағдайда тиісті ұсынымдар жазылады. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне бірнеше жылдан бері қайырымдылық негізінде түтін датчиктері тегін орнатылып келеді. Мәселен, былтыр 120 үйге осындай құрылғылар қойылды, – деді Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Тамерлан Жұмабеков.
Оның айтуынша, биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда қосымша 600 түтін датчигін сатып алу жоспарланып отыр. Әзірге жобаны жүзеге асыру үшін тиісті қаржыландыру күтілуде.
Бүгінгі таңда Екібастұз өңірінде 14 мыңға жуық үй пеш арқылы жылытылады. Олардың барлығы Төтенше жағдайлар басқармасының бақылауына алынған.
– Өкінішке қарай, қайғылы оқиғалар көбіне тұрғындардың салғырттығынан туындайды. Улы түтіннің қаншалықты қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Адам мұндай жағдайда небәрі екі минут ішінде есінен танып қалуы мүмкін. Сондықтан әр тұрғын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, пештерін, электр құрылғыларын уақытылы тексертіп отырғаны жөн, – деді аға инженер Тамерлан Жапаров.
Мамандар қауіптің алдын алу әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін ескертеді. Сондықтан өрт қауіпсіздігіне мұқият болған жөн.
Кенже ҚУАТ