Қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде Халықаралық отбасы күні болып белгіленген. Осы датаға орай «Атамұра» мәдениет орталығында «Отбасы – өмір өзегі» атты шара өтті. Шараға төрт отбасы қатысып, жанұялық өмірдегі тәжірибелерін ортаға салды.
Кейіпкерлер көшін бастаған Шалқар Қайыркенұлы Алиннің жары Армангүлмен отау құрғанына ширек ғасыр толыпты, яғни, бұл отбасы күміс той иелері екен. Шалқар жеке шаруашылықпен айналысса, дүниеге 4 ұл, 3 қыз әкелген алтын құрсақты ана – Армангүл Тай ауылдық клубында әдіскер болып еңбек етуде. Отбасының тұңғышы – Гауһар банк саласында – қаржыгер, ал Марал №36 мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Ұлдары Асылғазы әскер қатарында азаматтық борышын атқаруда, қазақ күресімен айналысып, 5 кубок, 65 медаль иеленген Серғазы – Әлкей Марғұлан атындағы ПМПУ студенті.
Өздерін бейнефильм арқылы таныстырған Илеубаевтар отбасының отағасы – Жанболатты екібастұздықтар әнші, асаба ретінде жақсы таниды. Көпбалалы отбасында өсіп келе жатқан қос қызғалдақ егіз екен.
2016 жылдан қол ұстасып келе жатқан Болатбек пен Дария Шалановтар 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Дария бала тәрбиесімен үйде отырса, отағасы Болатбек өнер саласында. Болатбек жергілікті сахнада басты рөлдерді сомдап, актер ретінде де танылып жүр.
Ал бес балалы Ақтілек отбасын бастап келген Сетерхан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Екібастұз филиалында жұмыс істесе, жұбайы Амангүл Ақтілек үй шаруасында.
Таныстыру кезеңінен соң әр отбасына түрлі ситуациялық және логикалық сұрақтар қойылды. Жүргізушілер Жомарт Қабыкенов пен Ләйла Мадина сұрақ-жауап кезеңінің әзіл-қалжыңмен өрілуіне мән беріп отырды. Балалар да қалыс қалмай, «Егер досыңыз ата-анасымен ренжісіп қалса, сен оған қандай кеңес берер едің?», «Отбасыңмен бір аптаға интернетсіз демалуға бару керек болса, не істер едің?» деген сипаттағы сұрақтарға жауап берді. «Қай жылы, қандай күні, аптаның нешінші күні отбасын құрды-
ңыздар?», «Тұңғыштарыңыздың дүниеге келген күні», «5-ші балаларыңыз алғаш мектеп табалдырығын аттаған жыл» деген сұрақтарға кей жұптар жауабының әр түрлі берілуі көрермен қауымға риясыз күлкі сыйлады.
«Сергіту сәті» кезеңінде Шалановтар отбасына «жіп жинау» міндетін шапшаң орындау жүктелсе, басқа отбасылар қауынды жылдам жеп тауысу, есеп шығару сияқты тапсырмаларды орындады.
Атап өтерлік жайт, шараға қатысушы отбасылардың екеуі – «Атамұрада» ұжымынан. Өнер жолы ауыр екендігін ескерсек, өнер адамдары мен олардың жұптарының иығындағы жүктің салмағы екі есе деген сөз. Осынау міндетті зор жауапкершілікпен алып жүрген отбасыларға көпшілік ризашылықпен қошемет көрсетіп отырды. Айтпақшы, «Атамұра» шаңырағы – өнер жолындағы бірнеше жұпты таныстырып, табыстырған орда. Осы босағада болашақ жарымен танысып, бақытын тапқандар қатарында Ертіс, Ербол Ахаевтар отбасылары бар.
Көрермен ретінде шақырылған жергілікті колледждер студенттері отбасының береке-бірлігін ұлықтаған шараны қызыға тамашалады. Әнші ұстаз Мәдина Боранқызының жұбайы Нұрболатпен шырқаған «Сен үшін» әні шараның шырайын келтірді. Сондай-ақ, Алиндер отбасы орындаған «Сен болмасаң жанымда», Әдия, Кәусар Тілектестер әуелеткен «Балапан» әні де тақырыпқа жан бітірді.
Отбасы – балалық шақтың бесігі, әр адамның болашаққа жолдама беретін алтын ұясы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон тон пішер», «Аяғына қарап асын іш, анасын көріп қызын ал» деген нақылдың әрқайсысында отбасындағы тәрбиенің мән-мағынасы жатыр.
Адами құндылықтан гөрі материалдық құндылықтар алға шыққан осынау аумалы-төкпелі уақытта «Атамұра» ұйымдастырған бұл шараның тәрбиелік мәні ерен екені сөзсіз.
Ж.АЙТЫШ