«Maximall» сауда-сауық орталығында тұрғындарға арналған акция — «Құқықтық дәріхана» шарасы ұйымдастырылды. Бұл бастаманың мақсаты — азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша тегін, сапалы және жедел кеңес беру. Шара Екібастұз қаласы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
Акция аясында тұрғындар прокуратура, полиция басқармасы, сондай-ақ, қала әкімдігінің бірқатар дербес бөлімдерінің мамандарымен тікелей жүздесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Азаматтар тұрғын үй, әлеуметтік көмек, алимент, еңбек даулары, құқық бұзушылықтар және тағы басқа көптеген өзекті мәселелерге қатысты кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Құқық қорғаушылар мен дербес бөлім мамандары тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, интернет алаяқтықтан сақтандыратын жаднамалар мен буклеттер таратты.
— Бүгін біз қала тұрғындарымен ашық диалог форматында кездесіп, құқықтық кеңес беруді мақсат еттік. Бұл шара қыркүйек айының соңына дейін әр бейсенбі сайын өтеді. Барлық азаматтарды белсенді қатысып, мамандарға өзекті сұрақтарын қоюға шақырамыз, — деді бұл туралы прокурордың орынбасары Тілеужан Жанабилов.
Сауда үйінде өткен шараға 30-дан аса тұрғын келіп қатысты. Олар негізінен жұмысқа орналасу, жер телімін алу, тұрғын үй кезегі, әлеуметтік көмек жайында, сондай-ақ, заң тұрғысында кеңес алуға келіпті.
Егер сіздің де заң саласына қатысты сұрағыңыз, проблемаңыз болса — мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Маманнан тегін кеңес алыңыз!
Кенже ҚУАТ