Аппараттық кеңесте сәулет және қала құрылысы саласындағы қазіргі жағдай туралы осы бөлімнің басшысы Қайрат Сүлейменов баяндады.
Бөлім өз жұмысын төрт бағытта жүргізіп отыр екен. Бірінші бағытта биылғы жылдың 15 қыркүйегіндегі жағдайға қарағанда 1732 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіліпті. Екінші бағыт – негізгі көрсеткіштердің орындалуы. Бұл орайда жеке құрылыс салушылардың қала мен ауылдық елді мекендерде тұрғын үйлерді салуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, Екібастұз қаласының статистика басқармасына пайдалануға қабылданған нысандар туралы ай сайын есеп беріледі.
2025 жылы 99,5 мың шаршы метр жеке үй мен биік үйлер салу жоспарланса, соның бүгінгі күні 54,2 мың шаршы метрі пайдалануға беріліпті. Қалғаны жыл аяғына дейін іске қосылады. Сәулет және қала құрылысы бөлімі құрылыс саласындағы талаптардың сақталуына қатысты мониторинг жасап отыр. Мониторинг нәтижесінде 6 нысанда заң бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылдау үшін Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ақпарат жолданыпты.
Үшінші бағыт – қаланың сәулеттік келбетін жақсарту. Оған ғимараттардың жағдайын, сыртқы жарнама құралдарының жай-күйін бақылауда ұстау жатады. Мониторинг барасында қасбеттері қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес келмейтін 10 ғимарат анықталған екен. Атап айтқанда, «Артур», «Тұлпар», «Тарлан», «Саламат» сауда үйлері, «Мир посуды» дүкені, «Мечта» тұрмыстық үйі және т.б. Аталған нысандар иелеріне ескерту-хабарламалар беріліп, онда көрсетілген талаптар орындалып, кемшіліктер түзетіліпті. Енді сыртқы жарнамалар жайын сөз етсек, ғимараттардың қоршаулары мен қасбеттеріне заңсыз ілінген 57 жарнамалық баннер анықталыпты. Сөйтіп, 32 субъект жөнге келтіріліп, 25 кәсіпкер сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін ай сайын салық төлеп отырған көрінеді. Олардан ай сайынғы қосымша салық түсімі – 176940 теңге.
Төртінші бағыт – Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының көрсеткіштеріне қол жеткізу. Бұл орайда Екібастұз қаласының дизайн кодын әзірлеу жобасы қолға алынды. Атап айтқанда, «Нарберген» ЖШС-мен келісімшарт жасалған екен, дизайн-код қазан айында әзір болуы тиіс.
Өзіміз мекендеп отырған қала келбетінің көрікті болғаны абзал емес пе. Қала әкімі Аян Уахитұлы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысына дизайн-кодтың сапалы шығуын жүктеді. Сонымен қатар, салынып жатқан тұрғын үйлердің мезгілінде пайдалануға берілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Ж. Жәлелұлы