Қала мен ауылдық елді мекендерде жылына екі мәрте абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы жарияланатыны белгілі. 16 қыркүйек күні қала әкімдігінде аппараттық кеңес болып, сөз болып отырған мәселеге қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Қояғанов хабарлама жасады.
Көктемгі тазалық айлығы 13 сәуір мен 11 мамыр аралығында өткізіліп, 120 мың тонна қоқыс шығарылып, 2 мың түптен астам көшет отырғызылған болатын. Енді күзгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығына 70 техника, 1000 адамды жұмылдыру көзделіп отыр. Сонымен қатар 14 мың жас шыбық отырғызылмақшы. Айлық кезінде мердігер ұйымдар жиналған қоқысты мезгілінде шығаруды қамтамасыз етеді.
Қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Бейсекин экологиялық хал-ахуалды жақсартуға бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға, жасыл желекке қамқорлықты күшейтіп, күзгі ағаш отырғызу науқанын сапалы өткізуге баса көңіл бөлуді тапсырды. Қазіргі уақытта қаламыздағы мешіт төңірегі абаттандырылып жатыр. Тазалық айлығы мен сенбіліктерде кәсіпорындар күшімен мешіт аумағын көріктендіруге назар аударылуы тиіс. Сонымен қатар, қала басшысы тазалық айлығына кемінде 10-15 мың адамды тартуға міндеттеді. Осы мақсатта қала тұрғындарын сенбіліктерге қатысуға үндейтін бейнероликтер түсіру де маңызды. Тазалық бір адамның ғана ісі емес, тұрғын үй инспекциясы бөлімі ПИК-тердің, кәсіпкерлік бөлімі бизнес өкілдерінің сенбіліктерден шет қалмауын қамтамасыз еткені абзал. Ал ауылдық округ әкімдері елді мекендер тазалығына жауапты.
Ж. Жәлелұлы