11 қыркүйек күні «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде «АMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалы Саяси кеңесінің бірлескен отырысы болды. Бірлескен отырыста филиалдың атқарушы хатшысы Мәриям Маликова «Жол картасы» бағдарламасының орындалуы туралы сөз қозғады.
Аталмыш бағдарлама бойынша 2025 жылға 48 іс-шара белгіленген екен, бүгінгі күні соның 8-і орындалып, қалғанын орындауға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, депутаттар Жол картасына енгізілген нысандарды 28 мәрте аралап шығып, жұмыстардың сапасына мониторинг жасапты. Мәриям Маликованың айтуынша, екі нысан тәуекелді топқа жатқызылған. Соның бірі – Әлкей Марғұлан ауылында салынып жатқан медициналық пункт. Әуелгіде бұл құрылысты жүргізу «ГрадСтройСервис» ЖШС-не тапсырылып, сомасы 125,3 миллион теңгенің шарты жасалған екен. Алайда мердігер фирма 2023 жылдың 19 желтоқсанында жауапсыз деп танылыпты. Өйткені құрылыс жұмыстары 85 пайызға ғана орындалған. Ендігі жағдай былай: Мемлекеттік сатып алулар басқармасы тиісті қаражат бөлінген соң мердігерді анақтау үшін конкурс жариялайды. Бүгінгі күні бұл мақсатқа қаржы облыс деңгейінде қарастырылып жатыр.
Тағы бір құрылысы созылған нысан – Бәйет ауылындағы ФАП. Десек те мердігер «Кайрат ЭК» ЖШС нысанды осы айдың аяғында тапсыруға уәде беріп отыр екен.
Саяси кеңес отырысында жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берудің де жүзеге аспай тұрғаны айтылды. Өйткені республикалық бюджеттен қаржыландыру болмапты. Есесіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтімен іске асырылып жатыр. Биылғы жылы жалпы сомасы 235,3 миллион теңгеге 19 жоба мақұлданыпты.
«АMANAT» партиясының депутаттық фракциясы өзге де игі істерге ұйытқы болып жүр. Тоқсан сайын отырыстарда Жол картасы индикаторларының орындалу барысы туралы жергілікті атқару органдары басшыларының есептері тыңдалады. Былтырғы жылы №31 шағын аудандағы балабақша ғимараты мемлекет меншігіне сатып алынып, коммуналдық меншікке қабылданыпты. Сонымен қатар, №21 мектеп жанындағы құрылысы бітпеген бассейн қоршалып, енді жобалау жұмыстары қолға алынған көрінеді. Ал Атығай ауылында жеке инвестициялар есебінен 150 орындық мектеп, Бәйет пен Қояндыда денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Енді қоғамдық қабылдау мен партиялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы сөз қозғасақ, азаматтар қалалық филиалға 306 рет өтініш жасапты. Сол өтініштердің 62,7 пайызы оң шешімін тапқан екен. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1252 адам оқытылыпты. Сонымен қатар, «Жер аманаты», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» жобалары шеңберінде көптеген іс-шара өткізілген.
Еңбек ардагері Эльдар Абдинов төрағалық ететін партиялық бақылау комиссиясында 8 мәселе қаралыпты. Мәселен, әлеуметтік мәндегі азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізіліп, сауда тәртібін бұзған 10 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Қала мектептерінде оқушыларды ыстық тамақпен тамақтандырудың сапасы да бақылауда тұр.
Негізі, «АMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалы едәуір күшке ие. Мұнда бүгінгі күні 11801 мүше бар. Оларды 28 бастауыш ұйым біріктіріп отыр. Сонымен бірге «Жастар рухы» жастар қанаты да аға буынға көп септігін тигізіп, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып жүр. Қысқасы, «АMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалы сайлауалды бағдарламасында көрсетілген іс-шараларды, жобаларды толық орындап шығуға мүдделі.
Ж.Бұланбай