«AMANAT» партиясының қалалық филиалында белгілі өлкетанушы, журналист Жұмағали Сейтеновтің «Екібастұздың басты байлығы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Көмір бассейнін игерудің басталғанына 70 жыл толуына арналған зерттеу еңбегін жазуға автор екі жылға жуық уақытын жұмсап, тыңғылықты ізденіс жүргізген.
Автор бұл еңбегін қаланың іргесін қалаған, өз заманында аянбай тер төгіп, өндірістің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға арнаған. Кітапты көпшілікке таныстырған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов кітаптың мазмұнына тоқталып, онда көмір өндірісінің қалыптасу кезеңдері, қарапайым еңбек адамдарының өмір жолы мен қоғамдық қызметі жан-жақты қамтылғанын айтты. «Екібастұздың басты байлығы» кітабының жарық көруіне «Богатырь Көмір» ЖШС, «Восточный» кеніші және «Ангренсорэнерго» ЖШС қолдау білдіріп, өңір тарихына деген шынайы жанашырлықтарын көрсетіпті.
Кітаптың көк лентасын қию рәсіміне партия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер қатысты. Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев, ардагер кенші Рышат Әмренов сөз алып, кітап авторына, еңбекті әзірлеуге атсалысқан кітапхана және архив қызметкерлеріне зор алғыс білдірді. Олар бұл кітаптың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде және еңбек адамдарына құрметпен қарауға үндейтін тағылымдық маңызы зор екенін атап өтті.
– Екібастұз қаласы үшін маңызды кітаптың шығуына қала басшылығы да қолдау білдірді. Кеніштер тарихы туралы сыр шертетін кітапты шығаруға демеушілік көрсеткен кәсіпорын басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – деді «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова. Шара соңында кітап авторы Жұмағали Сейтеновке партия атынан шапан жабылып, өңірдің рухани-мәдени мұрасына қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етілді.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ
