Интернет алаяқтық өршіп тұр. Екі күннің бірінде «Прокуратураданмын», «SIM-картаңыз ескірген», «Сізге посылка келді» деп телефон шалушылар талай адамның тірнектеп жиған ақшасына қол салып, қалтасын қағуда. Өкінішке қарай, полицияның сақтандыруынан, БАҚ-тың жабыла жазып жатқанынан сабақ алмаған азаматтардың арасында жалған инвестицияның құрбаны болғандар да аз емес. 8 айда тек қана интернет алаяқтың құрбаны болған 217 адамнан арыз түскен.
– Бүгінгі таңда интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Соған қарай кибер-кеңістікте алдау-арбаудың сан түрі дамып келеді, – деді интернет алаяқтық туралы әңгімелеген Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Валентин Бірімжанов.
В.Бірімжанов дропперлер туралы кеңінен айта келіп, дропперлік әрекетке қылмыстық жаза қарастырылғанын мәлімдеді.
Дроппер – алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін, алаяқ пен оның құрбаны арасындағы делдал. Делдалдыққа әдетте мектеп оқушылары мен студенттер, мұқтаж адамдар тартылады. Алаяқтар олардың тез ақша табуға мүдделі екенін, салдары туралы ойланбайтынын пайдаланады.
Кейбір дропперлер алаяқтарға көмектесіп жатқанын білмеуі де мүмкін. Алаяқтар ақшаны бейтаныс адамның шотына аударып, «анама дәріге салған еді», «науқас адам үшін» деген желеумен асықтырып, басқа шотқа аудартып алады. Сөйтіп аяушылық білдірген адам өзі қылмыскерге айналғанын байқамай да қалады. Өйткені «заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды».
Жақында енген өзгерістерге сәйкес, дропперлік әрекеттер үшін, яғни, заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырғандарға Қылмыстық кодекстің 231-1-бабы бойынша жауапкершілік артылады. Атап айтсақ, банк шотын пайдалануға бергендер – 3 жылға дейін, шотына түскен ақшаны басқа біреулерге аударғандар, заңсыз төлем жасағандар – 5 жылға, басқалардың шотын заңсыз басқаруға алып, қылмысты ұйымдастырғандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Егер делдал қылмысты алғаш рет не білместікпен жасап, қылмыстың алдын алуға немесе ашылуына белсене қатысса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бұл туралы жаңа бапта көрсетілген.
– Кейінгі кездері тұрғындар арасында интернет алаяқтық туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ірі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесулер өткізіледі. Бірақ одан сабақ алып жатқандар аз. Алаяққа алданбау үшін ешқашан жеке мәліметтерді (банк картасының нөмірі, пароль, СМС-кодтар) бермеңіздер. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер. Тағы бір кеңес – өзіңіз түсінбейтін қаржылық ойындарға (криптовалюта, тауарды қайта сату) араласпаңыз. Алаяқтың арбауына түссеңіз, тез арада 102-ге хабарласыңыз, – деп ескертті В.Бірімжанов сөз соңында.
Осы тұста айта кетсек, полицияда интернет алаяқтықпен айналысатын арнайы кибербөлімшелер жұмыс істейді. Олар азаматтар ақша аударған шотты тез арада анықтап, бұғаттай алады. Сондықтан алаяққа алданғандар құқық қорғаушыларға неғұрлым тезірек арызданса, соғұрлым қылмысты тезірек ашуға мүмкіндік болады.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







