Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылды. Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндескен бағдарлама бұған дейінгі «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының заңды жалғасы іспетті.
– Бағдарламаның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау саласымен тығыз жүргізіледі. Біз өз кезегімізде білім бөлімімен біріге отыра өскелең ұрпаққа әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтарды ұғындырып, олардың өз құқықтарын білетін сауатты буын болып қалыптасуына күш салмақпыз, – дейді бұл туралы сөз қозғаған полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Бейсенов.
Бала тәрбиесі басты назарда болуы тиіс. Алайда жасөспірімдер арасында қылмыстың өсуі тәрбиенің кемшін түсіп жатқанын көрсетсе керек. 8 айда мұндай қылмыстық фактілер артқанын байқауға болады. Былтыр жасөспірімдер қолымен 15 қылмыс жасалса, биыл 19 оқиға орын алған. Сондай-ақ, жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыс саны да арта түскен. Соның ішінде кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қол сұғушылықтың 2 фактісі тіркеліпті. Былтыр мұндай 5 оқиға болған екен. Тиісінше, қылмыстың бұл түрі 60 пайызға азайған.
Дегенмен мұндай қылмыстың орын алуының өзі – трагедия. Аталған 2 жағдайда да жасөспірімдер жүкті болып қалған және қылмыскер алыстан келмеген, жәбірленушінің өгей әкесі болып шыққан. Қылмыскерлер нақты мерзімдерге сотталды.
Полиция «Педофил» санатында есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, олардың көршілері мен туыстарынан жауап алды. Бүгінде Екібастұз полиция басқармасында осы санаттағы 23 адам есепте тұр екен. Олардың 12-сі бостандықта жүр.
– Әрбір осындай қылмыстың артында талқандалған тағдыр, психологиялық соққы алған жасөспірімнің өмірі тұр. Қылмыстық істерді зерделей келгенде, олардың жартысында қылмыскер жәбірленушінің өгей әкесі, әкесінің не шешесінің туыстары секілді жақын адамы болып шығады. Сондықтан өгей әкесі тәрбиелеп отырған азаматтық некедегі отбасыларды, патронаттық және қиын жағдайдағы отбасыларды тәуекел то-
бына жатқызып, тексеріп отыру қажет, – дейді М.Бейсенов.
Үстіміздегі жылдың 25 қаңтарынан бастап жалпы білім беретін мектептерге учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар мен криминалдық полицияның жедел уәкілдері бекітілді.
Полиция басқармасы білім бөлімімен біріге отырып «Құқық бұзушылықсыз келешек», «NEXT ұрпақ», «1+1», «Қауіпсіз балалық шақ» секілді жобаларды жүргізеді. Тренинг сабақтар оқушыларды қауіпсіз орта құруға, өз құқықтарын танып-білуге шақырады. Сонымен қатар буллингтің алдын алуға бағытталған шаралар да өткізіледі.
«Учаскелік инспектор ақпараттандырады», «Жаңа ұрпақ» жобаларында есепте тұрған жасөспірімдермен жұмыс үйлестірілсе, «Көзқарас» жобасында құқықтық, психологиялық жағдайларға байланысты онлайн кеңес беру қарастырылған. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласы, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия, т.б. бірігіп іс-шаралар өткізу көзделген.
Жаз бойы кәмелетке толмағандардың беймезгіл уақытта көше кезуінің алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» рейді өткізілді. Қорғаныш заттарынсыз электрсамокат, құжатсыз мопед тізгіндеген жасөспірімдерге де түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге бала тәрбиесіне атүсті қараған ата-аналарға әкімшілік айыппұлдар салынды.
Есірткі бизнесіне тартылған жастар өздерінің өмірлеріне балта шауып жатқанын түсіне бермейді. Оларды сақтандыру мақсатында құқықтық сабақтар өткізіледі. Әйтсе де оңай ақша табуға деген құмарлық жеңіп, қылмыскер атанғандар бар. Биыл 2 жасөспірім синтетикалық есірткі тасып, жаза арқалады.
Былтырдан бері вейп сатуға тыйым салынғаны белгілі. Вейп сатудың алдын алу мақсатында рұқсат етілмеген электронды темекі сататын 3 дүкен анықталған.
Кәмелетке толмағандар арасында үйден қашу фактілері де орын алған. Биыл 11 бала үйден кетіп қалған.
Айта кетсек, бүгінде 83 отбасы ювеналды полиция қадағалауында тұр. Бұл отбасыларда кәмелетке толмаған 198 бала тұрып жатыр. Соның ішінде 21 жасөспірім әкімшілік және қылмыстық сипаттағы құқық бұзушылық жасағаны үшін есепке алынған. Олар 12 ай көлемінде учаскелік инспектордың бақылауында болады. Бұдан басқа 56 оқушы мектепішілік есепке алынған.
Құқық бұзушылықты қайталаған, түзетуге көнбеген жасөспірімдер арнайы мектеп-интернатқа жіберіледі. Биыл мұндай мектептерге 3 жасөспірім ауыстырылыпты.
– «Адал азамат» бағдарламасы еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталып отыр. Мұндай маңызды қадамға көп болып қолдау көрсетсек, ұтылмаймыз, – деп түйіндеді сөзін құқық қорғаушы.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







