Шаһар басшысы Аян Бейсекин әлеуметтік желіде өте белсенді: қаланың тыныс-тіршілігінен жұртшылықты жиі хабардар етіп отырады. «Биыл қаламызда бірден балалардың 50 ойын алаңшасы мен 12 спорт алаңшасы бой көтерді. Үш жыл ішінде 200-ден аса ауланы қамтыдық» деп жазды таяу күндері әкім.
Аулаішілік аумақтарды асфальттау жұмыстары да белсенді жүруде. Соңғы жылдары шаһарда 150-ден аса аула асфальтталған. Әлі 100 аула жақсы өзгерісті күтуде.
«Жыл соңына дейін аулаішілік аумақтарды жарықтандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Бұдан басқа, 50 шақты кварталаралық аумаққа, қаланың 70 негізгі және қосалқы көшесіне жарық тартылды. Сонымен қатар биыл жаңадан төселген тротуарлардың жалпы қашықтығы 15 шақырымды құрады. Соңғы екі жылда жалпы 25 шақырым тротуар төселді, тағы 20 шақырым тротуар реттеліп, жұмыс жоспарға сай жалғасады. Абаттандыру және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту жұмысы ауқымды жүруде. Облыстық бюджеттік комиссияның соңғы отырысында облыс әкімі Асайын Байханов қаланы дамытудың перспективті жоспарына қолдау білдірді», – деп атап өтті Аян Уахитұлы.
Қала басшысы жаз мезгілінде №2 және №7 жылыту магистральдарына жүргізілген қайта құру жұмыстарына да тоқталып өтті. «Әріптестеріммен жүргізіліп жатқан жұмыстарды қарап шықтық. Жұмыстардың 90 пайыздан астамы аяқталған. Ауа райына байланысты жұмыс кестесін 10 күнге ұзарттық», – деді әкім.
Ж.ҚАДЫРОВА