Қала әкімдігінде көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тағу рәсімі өтті. Оған демографиялық жағдайды жақсартуға үлес қосып жүрген азаматшалар шақырылды.
Марапаттау сәтінде қала әкімі Аян Бейсекин алтын құрсақты аналарды құттықтап, әр шаңыраққа амандық, бақыт пен ынтымақ тіледі.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәдениеттілік, адалдық және тәрбие әр азаматтан, әр отбасынан басталуы керек екенін атап өтті. Ана жүрегі арқылы балаларға патриотизм, үлкендерді құрметтеу және отбасылық құндылықтарды сақтау тәрбиесі беріледі, – деді қала әкімі аналарды құт-
тықтау сөзінде.
Алтын алқалы аналардың бірі – 37 жасар Айнұр Аяғанова. Тұңғышы биыл 14-ке келсе, кішкентайы бір жарым жаста ғана екен. Сәби күтімімен үйде отырған Айнұр Ермекбайқызы балаларының болашағынан зор үміт күтеді.
Күміс алқа тағынған Айқын Мұратбаева 6 баласын өсіріп жеткізіп, немере сүйіп отыр.
– Үш жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударып келдік. Құжаттарымды реттеп, көпбалалы мәртебесін енді алып жатырмын, – дейді А.Мұратбаева. – Елге жеткенімізге ризамыз. Балаларым жұмысқа орналасып, немерелерім жоғары оқу орнын бітіріп жатыр.
Салтанатты шарада аналардың құрметіне Алтынгүл Бахытхан «Асыл ана» әнін шырқаса, Мадияр мен Айбек қырғыз күйін орындады.
Балаларға қамқорлық жасау – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Биыл облыс әкімінің қолдауымен 50 аулада жаңа балалар ойын алаңы орнатылды, 10-нан астам воркаут және стритбол алаңы салынды. Қала мектептерінде жөндеу жұмыстары жалғасты. Балалардың жан-жақты дамуы үшін жыл басынан бері спорт, мәдениет, экология және білім салаларын қамтитын 600-ден астам түрлі іс-шара өткізілді.
Кенже ҚУАТ
