Жақында «Қайнар» ББК-де мүгедектігі бар әйелдерге арналған «Шексіз сұлулық – 2025» атты сұлулық байқауы өтті. «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл байқау биыл екінші мәрте өткізіліп отыр. Шараның басты мақсаты – мүгедектігі бар әйелдердің өмірге деген құлшынысын, ерік-жігерін сұлулық пен шығармашылық арқылы паш ету.
Байқаудың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айнұр Мұхамедярова қатысушыларды құттықтап, олардың қоғамдағы белсенділігі мен рух мықтылығына ерекше тоқталды. «Бүгінгі шара – шексіз мүмкіндіктер мен адами құндылықтардың көрінісі», – деді ол.
Байқауға қатысқан жеті әйел – өмірдің әр түрлі қиындығына мойымаған рухы биік жандар. Олар өздерін таныстыру бөлімінде көрерменге өмір жолдарын, қызығушылықтарын жеткізді.
Мәселен, Альмира Тұрғанбаева шахматтан қала чемпионы ғана емес, нысана көздеп, шаңғы тебумен де айналысады. Людмила Гандраман – спортпен қатар, өлең жазып, қолөнерге ден қойған жан. Гүлнәр Даутова оннан астам елді аралап, әлемді тануға ұмтылған саяхатшы. Ал Алма Тұрғанбаева онкологиялық аурудан кейін өзге науқастарға қолдау көрсету үшін арнайы қор құрған. Анар Садықова сирек кездесетін дертпен күресе жүріп, кәсіп ашқан, қолөнерді меңгерген іскер әйел.
Байқаудың ерекше сәттерінің бірі «Әлемге сөз» бөлімі болды. Қатысушылар бұл бөлімде жүректерінің тереңінен шыққан үнін жеткізді. Алма Тұрғанбаева: «Жақсы сөз айтыңдар, жақсы ойлаңдар!» – десе, Гүлнәр Даутова: «Өмірді бағалаңдар!» – деп, көрерменге ой тастады. Людмила Гандраман өз шығармасы – «Жан айғайы» өлеңі арқылы әр күнге қуана білудің маңызын ұғындырды.
Шығармашылық сайыста қатысушылар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті. Салтанат Есмағамбетова «Ана» әнін жүрекпен орындаса, Анар Садықова үнді биімен көрерменді тәнті етті. Бұл кеш қатысушылардың өнері арқылы рухани биіктікке жеткенін дәлелдеген сәт болды.
Байқау қорытындысында барлық қатысушы түрлі номинациялармен марапатталды. Салтанат Есмағамбетова – «Сүйкімді ару», Медина Төлеуова – «Рухты ару», Алмира Смағұлова – «Шығармашылық ұшқыны», Алма Тұрғанбаева – «Ерекше ару», Людмила Гандраман – «Өзіне сенімді», Гүлнар Даутова «Көрермен көзайымы» атанды. «Шексіз сұлулық – 2025» атағын жеңіп алған Анар Садықова байқаудың сұлулық тәжіне лайық деп танылды. Жеңімпазға тәжді өткен жылғы жеңімпаз Екатерина Бойко табыстады.
Шараны ұйымдастырушылар атынан сөйлеген «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова барлық қатысушыларды құттықтап, олардың батылдығы мен өмірге деген құштарлығына алғыс білдірді.
Шара соңында қатысушыларға косметикалық құралдар мен киім дүкендеріне арналған сертификаттар, естелік сыйлықтар табысталды.
«Шексіз сұлулық» – қоғамға ерекше жандардың да шексіз мүмкіндігі бар екенін көрсететін алаң. Бұл – сынға мойымаған нәзік жандардың рухымен дәлелденген, өмірге деген сүйіспеншілігімен айшықталған шынайы өмір сахнасы.
Кенже ҚУАТ

