Мемлекеттік қызметшілердің денесі шымыр болса, қызметі де ширақ болады. Осы орайда, көктемде қала әкімінің бастамасымен шенеуніктер арасында жарыс ұйымдастырылған болатын. Сол жолы жарыс қорытындысын жасағанда қала басшысы Аян Уахитұлы мұндай турнирдің дәстүрге айналатынын айтқан еді. 6 қыркүйек күні мемлекеттік қызметшілер белтемір мен брусьяда жаттығу жасап жарысты. 18-25 жас аралығындағы қатысушылар ішінен қоссайыста Дмитрий Федоренков үшінші, Арсен Машуров екінші және Біржан Сағдат бірінші орынды еншіледі.
26-35 жас аралығындағы қатысушылар да жақсы әзірлік танытты. Көптің арасынан суырылып шығып, Абылай Оспанов үшінші, Данияр Шөлкебаев екінші, Елемес Сланбек бірінші орынды иеленді.
36-50 жас ішінде Мейрам Уақбаев жеңімпаз атанды. Маратбек Хуанхан екінші орынды, Қайрат Сүлейменов үшінші орынды қанағат тұтты.
Жасы елуден асқан мемлекеттік қызметшілер арасында Солнечный кенті әкімі Архат Илеубаев жеңімпаз болып, Екібастұз ауылдық округі әкімі Жанат Ибраев екінші, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаев үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жарысты қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.
Ж.Бұланбай