6 қыркүйекте Астана қаласында «Ариал» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен түрлі елдердегі қазақ әйелдерінің басын қосқан «Мықты әйелдер» халықаралық форумы өтті. «Миллион лайксыз –
миллион лайық іс атқарған әйелдер» ұғымын арқау еткен форум Қазақстан халқының тілдері күні мен Отбасы күніне орайластырылды. Форумға қатысып келген жерлесіміз – мүсінші, ұстаз Баян Қайнышеваны әңгімеге тарттық.
– Баян Құрманқызы, елорда төрінде халық арасында шынайы құрметке ие әйелдердің басын қосқан алқалы жиынға сіздің барғаныңызды көріп, қуанып қалдық. Ә дегенде форумды қандай ерекшелігімен есіңізге түсірер едіңіз?
– Менің пайымымша, бұл форум – дүние жүзінің түкпір-түкпірінде өмір сүріп, өз саласында жетістіктерге жеткен қазақ әйелдері мен ел дамуына еңбегімен өлшеусіз үлес қосып жүрген жігерлі де талантты көшбасшы қыздардың басын бір алаңда тоғыстырған халықаралық деңгейдегі алғашқы іс-шара. Шара Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген, бірақ көп жағдайда еңбегі еленбей жүрген әйелдерді анықтау, олардың тәжірибесін жүйелеу және ел дамуының ресми стратегияларына енгізу мақсатында ұйымдастырылды. Баса назар аударатын тұсы – форум таза қазақ тілінде, шетелдіктер үшін ағылшын тілінде (аудармамен) өтті. Мұндай қадамның өзі қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге елеулі үлес қосады деп сенемін.
– Форум қатысушылары әлемнің әр тарапынан келді дедіңіз. Шеттен келген және өз елімізден қатысқан қай меймандарға назар аудардыңыз?
– Кино және театр әртісі, қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешованың, Қазақстанның Халық әртісі Майра Ильясованың, әнші Светлана Айтбаеваның алқалы жиынның төрінен табылуы форум беделін арттыра түсті деп ойлаймын. Испанияның Гранада қаласында тұратын Дүниежүзі қазақтары «Мықты әйелдер» форумының негізін қалаушы, «Мөлдір Үміт» қазақ қыздары ұйымының президенті, «Шетелдегі Қазақ ауылы» жобасының негізін қалаушы Үміт Дәуленова ханымды атап өткім келеді. Малайзияның инвестициялық және мүлікті дамыту компаниясының директоры Датин Хартини Бирти Осман және Түркияның Әділет және даму партиясы Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төрағасының орынбасары Рашиде Юксел ханымдардың баяндамалары жаңашыл болды деп санаймын. Монғолия, Нидерланды, Португалия, Англия, Бельгия, Ресей мемлекеттерінен келген қандас апа-сіңлілеріміз «Қазақ мәдениетін Еуропада сақтау тәжірибесі», «Салауатты өмір мен медициналық туризм: денсаулықты сақтаудың жаңа бағыттары», «Шет елдегі қазақ тілі мәселесі және бельгиялық отбасылардың қазақ балаларын асырап алуы мен олардың тұрмыс жағдайлары туралы», «Астраханьдағы туған тіл мен дәстүрді сақтауға қосылған үлес», «Түркиядағы университеттер: халықаралық білімге жол», тағы басқа тақырыптарда баяндама жасады.
– Форум «Мықты әйел» деп аталыпты. Өзіңіз мықты әйел деп кімді айтасыз?
– Әйел бір мезетте мықты да, әлсіз де бола алады. Олай дейтінім, ол отбасында бала тәрбиелейді, салт-дәстүрді, тәрбиені ұрпақ бойына сіңіреді, ал жұмыста – белсенді, іскер, көшбасшы. Форумда білім, қаржы, денсаулық, мәдениет және медиа салаларына қатысты келелі ойлар ортаға салынды. Тәжірибе алмасу, ой-пікірді ортаға салу сипатында көптеген мәселе көтерілді. Мықты әйел болу міндет те емес, таңдау да емес. Мықты әйел болу деген – даналықтың, ішкі ой-өрістің, рухтың биіктігі, жан дүниеңіздің қалауы. Сөзі мен ісі үйлескен, көпшілікке үлгі болар қазақтың қыз-келіншектерімен кездесіп, жүздескен сайын өзіме қажетті пайдалы дүниелерді бойыма сіңірдім. Мені сияқты әр қазақ әйелі өзіне керегін ала білді деп ойлаймын. Қазақ аруларының «мықты әйел» деген ұғымға әбден лайық екенін түсіндім. Менің ойымша, «Мықты әйел» мәртебесі әйелдің жеке жетістігімен ғана емес, қоғамға тигізген пайдасымен өлшенеді. Өз ісінде табысқа жетіп, айналасына қамқор бола алатын, өз білімін бөлісетін, өзгеге жол ашатын әйел – нағыз мықты тұлға.
– Қоғамдық сананың жаңарып, жаңғыруы үшін мұндай жиындар аса қажет сияқты. Әсіресе, әйел заты үшін…
– Дұрыс айтасыз. Бұл форум тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен бірге, қазақ әйелдерінің жаһан деңгейіндегі беделін арттыратын маңызды қадам екеніне көз жеткіздік. Меніңше, Қазақстанның артықшылығы – мәдениеті мен бай салт-дәстүрі, қонақжай пейілі. Ал кемшілігі – білім мен еңбек нарығындағы жүйенің толық жетілмеуі, мүмкіндіктің жалпыға бірдей қолжетімді, әділ ұсынылмауы. Жаңа технология, ғылым, өнер саласында қазақтың баласы күллі әлемді мойындата алатынына сенемін.
Жоғары деңгейде өткен форумда небір мықты ханымдармен танысып, керемет энергия, шабыт алып қайттым.
Қорыта айтқанда, бұл форумның қазақ әйелдері үшін берері мол. Дүние жүзіндегі мықты қазақ әйелдерінің басын бір арнаға тоғыстыруды ұйғарған ұйымдастырушылар еңбегіне рахмет!
Сұхбаттасқан: Жанаргүл ҚАДЫРОВА