Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды. Атаулы датаға орай ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін тағы бір маңызды қадам жасалды. Елдің негізгі заңы Брайль қарпімен басылып, кітапханаларға, соның ішінде С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы мен облыстық арнайы кітапханаға да жеткізілді. Кітапта қазақ тіліне бейімделген Брайль қарпіне 9 ерекше әріп қосылыпты. Бұл үлгіні павлодарлық жерлесіміз әзірлеген көрінеді. Шектеулі тиражбен шыққан кітап Екібастұз қаласына әлі жетпепті. Дегенмен жергілікті кітапханада «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалымен бірге бірталай жұмыс атқарылып жатқанын атап өтуді жөн көрдік.
– Кітапхана ғимаратында көзі көрмейтін және нашар көретін жандар үшін арнайы кітапхана пункті жұмыс істейді. Аталған пункттің кітап қоры аудио форматтағы туындылар мен Брайль шрифтімен жазылған арнайы әдебиеттерден құралған. Әрбір көзі көрмейтін және нашар көретін оқырман осы жерден кітаптарды алып, өзіне қажетті ақпаратты білу мүмкіндігіне ие. Кітапханамызда нашар көретін және зағип жандарға мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген жаңалықтарды дауыстап оқып беріп тұрамыз. Жұртшылықты соңғы жаңалықтар, әлеуметтік және мәдени оқиғалар, денсаулық, әлеуметтік қолдау, демалыс және құқық мәселелері қызықтырады. Сондай-ақ, кітапхана жазылған журналдарға да шолу жасалады, – дейді көз мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс маманы Аяулым Джансаримова.
Ал көз мүгедектігі бар балаларға арналған оқу орталығы Екібастұз қаласының халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Зағип және нашар көретін балалар үшін орталықта қолөнерге қатысты шеберлік сағаттары, танымдық сағаттар, дауыстап кітап оқу, сондай-ақ, қуыршақ қойылымдары ұйымдастырылды.
Жаз мезгілінде балалар оқу орталығында Халықаралық бағдаршам күніне арналған «Жол белгілері елінде» атты танымдық сағат өтті. Шара барысында қатысушылар жол жүру ережелерімен танысып, «Иә-жоқ» сергіту ойынына, «Жасыл шам» викторинасына қатысты. Сонымен қатар, №3 кітапханада мүгедектігі бар балалармен ұлттық ою-өрнектерді аппликациялаудан шеберлік сағаты өтті.
Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу – аса маңызды әрі өзекті мәселе. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар қоғамның айрықша назарын және жан-жақты қолдауын қажет етеді.
Арнайы кітапхананың басты міндеті – зағип және нашар көретін оқырман тобының шығармашылық дамуына жағдай жасап, олардың ақпарат алу арқылы өздерін дамытуына мүмкіндік беру. Осы мақсатта Т.Ракишева, Е.Қасенова, З.Тулибаева, Л.Омарова, А.Джансаримова сынды кітапханашылар тер төгіп жүр.
Ж.АЙТЫШ