Жерді ұтымды пайдалану – аса маңызды мәселе. Аппарат кеңесінде қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Дауылбаев жер қатынастары саласындағы ағымдағы ахуал туралы ақпарат берді.
Екібастұз өңірінде баланста 1887,6 мың гектар жер бар. Биылғы жылы 60 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту көзделген екен. Әзірге 18,2 мың гектар жер иесін тауыпты. Атап айтқанда, жалпы алаңы 18,7 мың гектар алқапты құрайтын 37 жер учаскесі конкурсқа қойылып, 18,2 мың гектар жер, яғни, 35 учаске сатылыпты. Оған қоса тағы 5 конкурс жарияланып, жалпы алаңы 42,1 мың гектарды құрайтын 67 учаске сатуға шығарылыпты.
Бөлім басшысының айтуынша, елді мекендерде коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскелерін беру аукциондары да жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылы қала аумағынан жер беру жөніндегі 15 аукцион өткізіліпті. Сөйтіп, құны 68,7 миллион теңге болатын 62,7 гектар жер сатылыпты.
Тағы бір маңызды мәселе – суармалы жерлер көлемін ұлғайту. Жыл басынан бері 2 мың гектар жер суармалы егістік алқабы санатына ауыстырылыпты. Сонымен бірге, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекеттік қорға кері қайтару ісі де қолға алынып отыр. Атап айтқанда, 23,1 мың гектар жер кері қайтарылып, жоспар әзірге 92 пайызға орындалыпты.
Кәдеге жаратылмай отырған жер телімдерін кері қайтару әлі де жалғасын табады. 2024 жылы жер ресурстарын басқару департаментіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты 44 материал жіберілген екен. Сөйтіп, тексеру барысында 6 жер пайдаланушыға нұсқама беріліпті. Биылғы жылы қайта бақылау жүргізіліп, ескертулер жойылмаған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Жалпы, мұндай әрекеттер өз нәтижесін беру үстінде. Мәселен, биыл «Гамма» ЖШС-нің жеке меншігіндегі №24 мектеп ауданындағы алаңы 0,2395 гектар жер телімі тәркіленіпті. Сонымен қатар, «Baitas township» ЖШС жеке меншігіндегі алаңы 1,868 гектар жер телімін кері қайтару туралы сотқа талап-арыз түсіріліпті. Үстіміздегі жылдың 13 ақпанында сот оң шешім шығарған екен, алайда апелляциялық сот алқасы 6 мамырда ол шешімнің күшін жойыпты. Ендігі уақытта «Estate Business Integration Group» ЖШС жеке меншігіндегі алаңы 0,8873 гектар 2 жер телімін алып қоюға талап-арыз дайындалып жатқан көрінеді.
Бөлім басшысы хабарламасында қалада жер учаскелерін беру туралы да айтты. Қазіргі уақытта 207-208-кварталда жер учаскелерін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 40 жер учаскесі берілген екен. Десек те осы жұмыстың тым баяу екенін айта кеткен абзал.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Жер кодексіне өзгерістер енгізілетінін айтты. Кезінде таратылып, бүгінгі күні пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне кері қайтарумен тыңғылықты шұғылдану қажет. Таяуда бұл мәселеге қатысты жеке жиын өткіземіз. Сонымен қатар, қала ішіндегі әзір жер учаскелерін үй салушыларға тарату ісін ширату қажет. Қанша учаске әзір, қашан таратылады – жоспарын нақтылау керек, – деген қала әкімі Аян Уахитұлы кеңеске қатысқан ауыл әкімдеріне де бұл мәселені қаперде ұстауды тапсырды.
Ж. Жәлелұлы