Күз – диқандар үшін қарбалас шақ. Екібастұз өңірінде жиын-терім науқаны басталды. 9 қыркүйек күні қала әкімдігінде болған аппарат кеңесінде ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов егін ору мен жем-шөп әзірлеу барысы туралы баяндады.
Биыл күз өңір диқандары 8,4 мың гектар дәнді дақылдар, 1,6 мың гектар майлы дақылдар, 10,9 мың гектар жем-шөп дақылдары, 3,7 мың гектар картоп және 0,6 мың гектар көкөніс пен бақша дақылдары алқабында жиын-терім жүргізеді. Бүгінгі күні 1,7 мың гектар танаптағы дәнді дақылдар орылып, 1,7 мың тонна астық бастырылды. Бір гектардан орташа есеппен 10 центнерден өнім алынды. Біздің өңір үшін бұл тәуір көрсеткіш болып саналады. Сонымен қатар, әзірге 9 мың тонна картоп жиналды, гектар өнімділігі – 300 центнер.
Жалпы, егін жинау науқанына 15 комбайн, 12 трактор және 8 жүк көлігі жұмылдырылып отыр. 5 астық қоймасы өнім қабылдауға әзір. 23,2 мың тонна картоп сақтай алатын 3 көкөніс қоймасы да әзір тұр.
Күзгі орақ кезінде шаруаларға 907 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлініпті. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 834 тонна дизель отынына өтінім берген екен, соның 422 тоннасына төлем жасап, 236 тоннасын жеткізіпті. Операторлар: «ТК Парнас» ЖШС мен «LF Trade» ЖШС.
Жиын-терімді қысқа мерзімде өткізу үшін техника күші жеткілікті болуы керек. Осы орайда, «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 1361,6 миллион теңге сомасына 7 несие беріліпті. Несие алушылар ішінде «ЭМПК», «КорнАгро», «КХ Коктобе», «АманатАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Заман», «Сарыжайлау», «Тілек» шаруа қожалықтары бар.
Баяндамашы Азамат Көпежановтың сөзіне қарағанда, мал азығын дайындау да ойдағыдай жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес 104,2 мың тонна пішен әзірлеу қажет болса, бүгінгі күні 91,2 мың тонна пішен дайындалып, 72,5 мың тоннасы қыстауға тасылыпты. Оған қоса, былтырғы қыстан артылып қалған 73,7 мың тонна пішен бар екен.
Мал азығын дайындау науқанының қарқынды жүруіне техника паркін жаңалаудың да пайдасы тиіп тұр. Атап айтқанда, өңірде 53 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы сатып алыныпты.
Айтпақшы, биылғы жылы қыстаққа 55 мың ірі қара, 58 мың қой-ешкі және 3,8 мың жылқы кіреді деп болжанып отыр.
Аппараттық кеңесте қаралған мәселені талқылай келе, қала әкімі Аян Бейсекин астық ору мен мал азығын дайындау қарқынына көңілі толатынын білдірді. Ал ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежановқа шаруаларды несиелендіру ісін жалғастыруды, арзандатылған дизельдік отынды мезгілінде жеткізуді қадағалауды, қала әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Сансызбай Төлеубаев пен қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықоваға ауыл шаруашылығы санағын жүргізуді бақылауда ұстауды жүктеді.
Ж.Жәлелұлы