Күз жеткенде жаз бойғы атқарылған жөндеу жұмыстары қорытындыланып, игерілген инвестициялар туралы есеп беріледі. 3 қыркүйек күні «Горэлектросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанова, қоғам белсендісі Юрий Павленко жұмыс сапарымен келіп, аталмыш кәсіпорынның «2025-2029 жылдарға арналған электр желілерін реконструкциялау және электр жабдықтарын техникалық қайта жарақтандыру» инвестициялық бағдарламасының орындалу барысына көз жеткізді.
Кәсіпорын басшысы Майгүл Олжабаеваның айтуынша, биылғы жылы бұл мақсатқа кәсіпорынның өз кірісі есебінен 445,1 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Әуелі техникалық жарақтандыру туралы айтар болсақ, 18,1 миллион теңге қаржыға кернеуі 10 кВ кабель желілерін, 148 миллион теңгеге кернеуі 0,4 кВ әуе желілерін, 36,6 миллион теңгеге 0,4 кВ кабель желілерін жаңалап тарту және 167,7 миллион теңгеге 10 кВ/0,4 кВ ТП-10 кВ/0,4 кВ жабдықты техникалық жағынан жарақтау жоспарланған екен. Сонымен қатар, жабдықтар сатып алу, техника паркін жаңалау да көзделіпті.
Кәсіпорын кеңсесінде мән-жайға қаныққан жұмыс тобы №148-149 қосалқы станция мен №7 РП аралығында жер астымен жаңа кабель жүргізу жұмысын көзбен көрді. Кәсіпорынның бас инженері Сергей Даниленконың сөзіне қарағанда, мұндағы жерасты кабелі әбден тозып, апаттық жағдай жиілеп кеткен екен. Енді 400 метр жаңа кабель жүргізілген соң тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз ету тұрақты болмақшы. Бір айта кетерлігі, жұмысты кәсіпорын өз күшімен атқарып жатыр және 10 қыркүйекте аяқтамақшы.
Жұмыс тобы бұдан соң №№2,4,4 «А» трансформаторлық қосалқы станциялардан әуе жолымен тартылған жалпы қашықтығы 2,5 километр электр желілерін көрді.
Жалпы, «Горэлектросеть» ЖШС инвестициялық бағдарламаның орындалуына күш салып отыр. Жоғарыда айтылған жұмыстарға қоса, 22,7 миллион теңгеге 5 бірлік ТМГ 630 кВА трансформаторларын, 18,1 миллион теңгеге трансформатор қуаты 630 Ква 10/04 кВ БЖТҚС және 11,5 миллион теңгеге күйдіргіш БП-30 қондырғысын, 5,7 миллион теңгеге КП-500К іздеу жиынтығын сатып алуға шарт жасалып, толық төлем жасалыпты. Қазіргі уақытта жабдықтарды жеткізу қолға алыныпты. Сонымен бірге, 16,7 миллион теңгеге жедел-көшпелі бригада үшін «Газель» көлігі сатып алынған көрінеді.
Ж.Жәлелұлы